Жетістіктер мен алдағы жоспарлар! Бүгін Петропавлда облыстық “Қызмет” салалық кәсіподақ ұйымының соңғы 5 жылдағы жұмысы сараланды. Біреу білсе, біреу білмес, аталған ұйым осыдан 96 жыл бұрын құрылған. Оған мемлекеттік мекемелер мен банк, қоғамдық қызмет көрсету нысандарының өкілдері мүшелік етеді.
МЕЙІРБОЛАТ ЖАҚЫПОВ, “Қызмет” салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Астана қаласы:
– Кәсіподақ құрамында 100 мың адам бар. Соңғы 5 жылда 30 мың адам қосылды. Бұл біздің ұйымға деген сенімді білдіреді.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Соңғы 5 жылда “Қызмет” салалық кәсіподақ ұйымының жергілікті өкілдері ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырған. Мысалы, мүшелік ететін мамандардың жалақысы өсті. Оның ішінде ауылдық округ әкімдері де бар. Мұндай оң өзгеріс салаларда кадр тұрақтылығына ықпал еткен.
ТЕМІРҒАЛИ ӘБІЛМӘЖІНОВ, “Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы” ҚБ СҚОФ төрағасы:
– Келген меймандар үшін соңғы 5 жылда атқарған жұмысымыз қамтылған фильм дайындадық. “Қызмет” ұйымының жергілікті филиалы – еліміздегі беткеұстар ұйымдардың бірі. Бірлестігімізге барлық деңгейдегі әкімдік мүшелік етеді. Бірнеше салада жалақының көтерілуіне бастамашы болдық. Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Сол қиындықтармен күресу – біздің міндетіміз.
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы оңай емес. Олар таңмен таласа тұрып, қас қарайғанша еңбек етеді. Демалыс күндері де тер төгеді. Осыған байланысты мамандар күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мұны ескеріп, кәсіподақ өз өкілдері үшін 10-ға жуық шипажай ашыпты. Онда адамдарға жеңілдікпен қызмет көрсетіледі.
МЕЙІРБОЛАТ ЖАҚЫПОВ, “Қызмет” салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Астана қаласы:
– Қызметкерлеріміздің жағдайына көп көңіл бөлеміз. Демалыстарға жіберіп тұрамыз. Мамандардың бірігіп жұмыс істегенін қалаймыз.
Конференцияға барлығы 36 делегат қатысты. Қоса кетейік, “Қызмет” кәсіподақ ұйымына 6 мыңнан астам солтүстікқазақстандық мүшелік етеді. Оның жартысы қатарға соңғы 3 жылда қосылған.