Облыстық мәслихат қабырғасында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынның күн тәртібіне 3 мәселе шығарылды. Алдымен қатысушылар қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкантты тыңдады. Ол өңір бюджетіндегі өзгерістерді нақтылауға қатысты баяндамасын оқыды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Өздеріңіз білетіндей, биыл өңірімізде су тасқыны болды. Апаттың салдарын жоюға 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасына бағытталатын қаржы 365,6 млн теңгеге қысқарады. Ал білім басқармасына тиесілі сома 31,8 млн теңгеге азаяды. Бұл ретте біз қаржының толықтай игерілгенін қалаймыз.
Қатысушылар айтылғандарды егжей-тегжейлі талқылап, өз сұрақтарын жаудырды. Өңірімізде біршама жоба қолға алынбақ. Солардың кейбіріне дөңгелек үстел басына жайғасқан жандардың көңілі толмады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, қомақты қаржыны маңызды мәселелерді шешуге бағыттаған әлдеқайда дұрыс. Мысалы, Павел Афанасьев білім, денсаулық сақтау және ветеринария салаларына бөлінетін ақшаны қысқартпау керектігін баса айтты.
Өз кезегінде Наталья Дышкант әр сауалға жауап беруге тырысты. Сандарды әрмен қарай сөйлетсек, алдағы уақытта спорт басқармасына бөлінетін қаржы – 24 млн, ал энергетика және ТҮКШ басқармасына бағытталатын қаражат 273 млн теңгеге қысқаруы ықтимал.
Нұрасыл Ахмет