Адам жатыр мойны обыры дегенді естісе, төбе шашы тік тұрады. Қатерлі ісіктің бұл түрі өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Өкінішке қарай, аймақтағы статистика көңіл көншітпейді. Маңызды мәліметпен облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев бөлісті.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы тіркеледі, бұл ретте 2 әйел күн сайын осы аурудан қайтыс болады. Егер біздің облысты алсақ, 2023 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен есепке 52 әйел алынса, 2024 жылы 9 айда 49 әйел алынды. Қазіргі уақытта есепте 568 әйел тұр. Жыл басынан бері 11 адам қайтыс болды.
Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обырын туғызады. Оған қарсы ем жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Осыған орай Қазақстанда биыл жеткіншек қыздарды иммундау басталды.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде АПВ қарсы вакциналардың 270 миллион дозасы қолданылды, жағымсыз реакциялар тудырмады. Біздің облыс бойынша 1126 қыз егілді, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Адам папилломасы вирусына қарсы екпе әлемнің 135 елінде қолданылады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан сынды елдер бар.
Байболат Құлтанов