Солтүстік Қазақстан облысында тарихи-мәдени мұра жеткілікті. Есептеулерге сүйенсек, өңір аумағында 600-ге тарта ескерткіш бар.
ЖАНАТ БАЙМҮСЕНОВ, СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының бөлім меңгерушісі:
– СҚО-да 598 тарихи-мәдени нысан бар. Соның ішіндегі 436-сы археологиялық ескерткіш болып табылады.
Бүгінгі күнге жеткен ескерткіштер көздің қарашығыдай сақталуда. Бірқатары биыл жөндеу көрді.
ЖАНАТ БАЙМҮСЕНОВ, СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының бөлім меңгерушісі:
– Биыл Петропавлдағы 3 нысанда ғылыми қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Олар: көпес Янгуразовтың үйі, Энергетиктер үйі және Нұр мешіті.
Бүгінде бұрындары қазақ театры орналасқан ғимаратта және Нұр мешітінде қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте – көпес Янгуразовтың үйі. Республикалық маңызы бар ескерткіш сонау 20 ғасырдың басында итальяндық сәулетшілердің нұсқауымен «модерн» стилінде салынған. Оның бойына алматылық ұйым қайтадан қан жүгіртпек. Маңызды іс барысында жұмысшылар нысанның қабырғалары мен төбесінен бірегей қолтаңбалар тауыпты.
РИНАТ КУТДУСОВ, «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС атқарушы директоры, Алматы қаласы:
– Мұндай қолтаңбалар Қазақстан бойынша сақталмаған шығар деп санаймын. Ескерткіш пайдаланылмай ұзақ уақыт бос тұрды. Шатыры сыр берді. Бірақ, біз тапқан дүниелер өзгеріссіз сақталып қалған. Бұған таң қалып отырмыз. Қазіргі таңда аса бағалы жәдігерлерді тазартып жатырмыз. Бұл – бірегей жазбалар. Өңір үшін ғана емес, күллі Қазақстан үшін құнды дегім келеді.
Айта кетерлігі, бүгінде нысанның қасбеті, қабырғасы және төбесі боялған. Ғимарат тура бір ғасыр бұрын дәл осындай түсте болыпты. Осындай жайттарды жіпке тізе келе, сәулетшілер еуропалық мәдениетті ислам мәдениетімен үйлестіргенін ұғынамыз.
РИНАТ КУТДУСОВ, «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС атқарушы директоры, Алматы қаласы:
– Әрбір тұсты жіті тазалап жатып, жасыл түстің көп қолданылғанын байқадық. Бұл түс ислам мәдениетіне тән. Көпес Янгуразовтың өзі исламның жақтаушысы болған. Сондықтан, нысан ішін бет-бейнемен емес, гүл суреттерімен безендірген. Гүлдің 100-ден аса түрі салынған сияқты. Алдағы уақытта нақты санын айтамыз. Дегенмен, еуропалық мәдениет белгілерін де аңғардық. Сонысымен тарихи нысан орталық Азияда бірегей болуы мүмкін.
Жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Келесі жылы екінші кезең басталады, онда суреттер қалпына келтіріледі. Мұнда тарихи тұстардың басым бөлігі сақталады. Ал жобаның құны 200 миллион теңгеден асып жығылады.
Байболат Құлтанов