Аққайыңдар өлкесінде тасқын кезінде бұзылған бөгеттер қалпына келтірілуде. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы 8 қорғаныс үйіндісін нығайтуға «Демеу» корпоративтік қорынан 4,8 млрд теңге бағытталды. Тағы 627,6 млн жергілікті бюджеттен бөлінді. Бұл жайлы «AMANAT» партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында айтылды. Биылғы тасқынның салдарын жою және алдағы қауырт кезеңге әзірлік жайында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев баяндады.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Автожолдардың зақымдалған 42 учаскесінің 38-і толығымен қалпына келтірілді. Бұл үшін ҚР төтенше резервінен 5,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 4 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. «KAZ Minerals Demeu» компаниясының қаражаты есебінен Петропавл қаласының бірінші көтеру сорғы станциясында 3,2 млрд теңгеге қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда бірінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Жалпы, биылғы көктемде өңірде 3 898 үйді су басқан болса, оның 2 191-і Петропавлда орналасқан. Қалған 1 546-сы – Қызылжар ауданында. Тасқын салдарынан ұзындығы 44 км электр беру желісінің 414 бағаны зақымданған. Материалдық шығын шамамен 2,7 млрд теңгені құрады.
Байболат Құлтанов