ТЖ

СҚО-да небәрі 35 күннің ішінде 8 адам өрт салдарынан көз жұмған

Жыл басынан бері облыста 362 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 29 адамның өмірі қиылыпты. Ал түрлі дәрежеде жарақат алғандардың саны 34-ті құрайды. Тіркелген өрттің 74 пайызы жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Статистика көрсеткендей, тұрғындардың бәрі бірдей пешті дұрыс салмайды. Пайдалану кезінде де қарапайым ережелерді сақтамайды. Міне, көбінесе осыған байланысты жалын бас көтереді.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Биыл былтырғы жылға қарағанда өрт оқиғасы 27 пайызға аз болса да, қайтыс болған адамдардың саны көп. Біз тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Толығырақ айтар болсам, артта қалған кезеңде департамент қызметкерлері 75 365 үйді аралап шықты. Оның барысында 184 мың астам адам қамтылып, 31 мың жаднама қағаз таратылды. Полиция қызметкерлерімен бірге алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатын жандардың тұрғылықты жерлері бойынша да рейдтер ұйымдастырылды.

Облысымызда жылыту маусымы қазанның 1-і күні басталды. Содан бері 39 өрт оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тапқан. Оның біреуі – бала. Материалдық тұрғыда қызыл жалын 6 млн теңгеге жуық шығын келтіріпті. Спикердің айтуынша, жайсыз жайттардың дені түнгі уақытта тіркеледі.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Өңірімізде тамыздың 15-нен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Шара барысында жер үйлерге 1 мыңға жуық датчик орнатылды. Олар нысан ішіне улы газ таралса, дабыл қағады. Ұйықтап жатқан адам бірден оянады. Айта кету керек, биыл ыс тиюден өңірде 5 тұрғын ажал құшты.

Енді Петропавлдағы статистикаға назар аударсақ. Жыл басынан бері шаһарда 75 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 20 пайызға төмен.

ДУМАН ДІЛДӘБАЕВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– 2 айдың ішінде 605 тұрғын үйге бардық. Оларда 1 мыңнан аса адам тұрады. Түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оның барысында 388 баспанада бұзушылық анықталды. 70 үйге датчик орнаттық. Адамдардан пешті дұрыс салып, тиісті ережерді сақтауларын сұраймыз. Алда-жалда от бас көтерсе, жақын маңдағы адамдарға, нысандарға қауіп төнуі мүмкін.

Жыл басынан бері Петропавлда өрт оқиғасы салдарынан 9 адам қаза тапқан. Ал ыс тиген 2 адам ауруханаға жеткізіліпті.

 

Нұрасыл Ахмет