Жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Дәурен Ғылымов 50 жасқа толып отыр. Мерейтойға орай Петропавлда халықаралық жиын өтуде. Оған көрші елдерден және республиканың өзге облыстарынан 6 дирижер келді.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
– Бүгін бізде үлкен шара өтіп жатыр. Бұл музыканттар үшін, оның ішінде оркестрлер үшін маңызды жиын. 7 қараша күні Петропавлда “Классика жауһарлары” атты кеш ұйымдастырамыз.
Яғни, Дәурен Ғылымовтың жан-жақтан келген әріптестері облыс орталығында өз өнерлерін паш етпек. Арасында Қырғызстаннан және Ресейдің Алтай өлкесінен ат терлетіп жеткен майталмандар болады. Мерейтой иесін көпшілік құрметтейді. Ол – өңірде музыканың дамуына сүбелі үлес қосқан жан.
ДӘУРЕН ҒЫЛЫМОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Менің Ақан сері атындағы облыстық филармониямен жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдай болып қалды. Оркестр құрылған күннен еңбек етудемін. Әріптестеріме қолдан келгенше көмектесіп тұрамын.
Ертең өнер көрсететін музыка майталмандары бүгін өзара кездесіп, тәжірибе алмасуда. Шалқар Ырысханұлы – Өскемен қаласындағы Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптарының бас дирижері. Шығыстағы тындырманды қуантып жүргеніне биыл 10 жылдан асқан.
ШАЛҚАР ЫРЫСХАНҰЛЫ, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Өскемен қаласы:
– Бүгін осындай маңызды шараға шақырылып отырмыз. Қазіргі жаһандану заманында қазақ аспаптарының алатын орны орасан зор дер едім.
Алдағы концертке өңірге келген дирижерлар бір-бір туынды дайындап әкелген. Олар шығармашылық жұмыстарын көрерменге жергілікті оркестрмен бірге ұсынбақ.
Мәдина Қаби