Спорт

Петропавлда баскетболдан СҚО кубогы басталды

Петропавлда жасөспірімдер арасында баскетболдан Солтүстік Қазақстан облысының кубогы басталды. Дәстүрлі додада 2008 және 2009 жылы туған балалар бақ сынап жатыр. Жарысқа 8 команда келіпті. Оның 6-ауы аудандардың намысын қорғаса, қалған 2-еуі – жергілікті ұжымдар.

ПАВЕЛ АНТОНЕНКО, жарыстың бас төрешісі:

– Ауыл балалары техникалық және физикалық тұрғыда осалдау. Олар Петропавлдағы «Барс» және «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне есе жіберіп жүр. Соңғы уақытта «Барс» командасы қарсылас шақ келтірмейді. Біз еңбекқор, талантты жастарды анықтап, олармен тиісті жұмыс жүргіземіз. Мақсатымыз – «Барс» баскетбол клубының қатарына қосу, жоғары лигада өнер көрсеткендерін көру.

Ортада «Жеңіс» мектебінің жастары мен уәлихановтық балалар күш сынасуда. Баскетболшылардың жылдамдығы жоғары. Олар әрі-бері жүгіріп, ұпай еншілегісі келеді. Өкінішке қарай, кей сәтте сәттілік серік болмады.

Дегенмен, петропавлдық баскетболшылардың айы оңынан туды. Олар чемпион болуға бір табан жақындады.

АРТУР ПОПОВ, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Жарысқа 1-ші орын үшін келіп едік. Алғашқы ойында «Жеңіс» командасына 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалдық. Тартысты матч болды. Сайысқа тыңғылықты дайындалдық, біраз тер төктік. Өзім баскетболмен 5 жыл айналысамын. Келесі жылы чемпион боламыз деген ойдамын.

Жасөспірімдер арасында баскетболдан Солтүстік Қазақстан облысының кубогы 3 күнге созылады. Додада 1 және 2 орын алған команда өкілдеріне алғашқы спорттық разряд беріледі. Яғни, алтын мен күміске қол созған балалар бірінші разрядты баскетболшы атанады.

 

Байболат Құлтанов