Қоғам

Қызылжарда қармен күрес басталды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Петропавл жарты күннің ішінде ақ көрпені жамылды. Бүгін облысымыздың аудандарында да қар жауды. Ауа райы болжамына қарасақ, алдағы күндері сынап бағанасы көтерілмейді. Демек, осы ақ ұлпа қалады. Коммуналдық қызметкерлер үшін қауырт маусым басталды. Олардың міндеті – көшелерді, алаңдарды таза ұстау.

Бүгін коммуналдық қызметкерлер таңнан бері тынымсыз еңбек етіп жатыр. Арнайы техникалар да жұмысын тоқтатқан жоқ. Қауырт маусымға жергілікті билік тыңғылықты дайындалған. Әзірлік жайында Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова баян етті.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қала көшелерін тазартуға 80-нен астам техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылған. Биыл қыста қала көшелерін 150-ден астам арнайы техника тазалайтын болады. Қажеттілік туындаса олардың саны ұлғаяды.

Қыстағы қауырт жұмыстың басым бөлігі кешкі 10-нан таңғы 10-ға дейін жүргізілетін болады. Себебі, күндізгі уақытта әрі-бері зулаған көліктер арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіреді. Шаһар ақ ұлпадан тазаланып қана қоймайды, адамдар емін-еркін жүруі үшін көшелерге тұз-құм қоспасы да себіледі. Атқарылып жатқан іске тұрғындар қандай баға береді?

– Көлігімнің дөңгелегін қысқыға ауыстырып үлгердім. Түске таман шаһарда бірсыпыра қар жатты. Айналдырған 1-2 сағат ішінде көшелер тазартылды. Өзгеріс көзге бірден байқалады.

– Өз басым қар түскеніне қатты қуаныштымын. Жұмысшылар жұмыс істеп жатыр. Оларды үстеріндегі киімдеріне қарап тануға болады.

Кейбір петропавлдықтар қарды сағынған сияқты. Бүгін көшеде мүсін жасап жатқандар болды.

Айта кету керек, қысқы кезеңде қала көшелеріне 3,5 мың тонна тұз-құм қоспасы себілетін болады.

 

Нұрасыл Ахмет