Құқық қорғау органдары

СҚО-да екі жасөспірім өмірге қауіп төндірер тапсырмаларды орындаған

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары кезекті маңызды деректі жария етті. Бүгінде қадағалау органы балалар арасында суицидтің алдын алу және болдырмау бағытында шаралар қабылдауда. Шенділер «Telegram» мессенджерінде мониторинг жүргізген. Сонда «аниме» жанрында өз-өзіне қол жұмсау бойынша тапсырмаларды орындаған екі теріскейлік жасөспірімді анықтапты. Бұдан кейін заңды өкілдермен тиісті профилактикалық жұмыс жүргізіліп, аталған балаларға психологиялық көмек көрсетілген және уәкілетті органдар оларды өздерінің жіті бақылауына алған. Сонымен қатар, мамандар осы мессенджерде жастардың суицидін тікелей насихаттайтын 8-ден астам заңсыз контентті тіркепті. Қазіргі уақытта «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қауіпті топтарға кіру бұғатталған. Прокурорлар бірінші кезекті ата-аналарды ұл-қыздарының жүріс-тұрысын бақылауға шақырады.

 

Байболат Құлтанов