Петропавлда жас тарихшылардың облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шараға аймақтың түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам бала қатысты. Зерттеу жұмыстарымен айналысқан жалынды жастардың барлығы өңір тарихында есімдерін қалдырғысы келеді. Бірі қасиетті орындар жайлы ақпар жинаса, екіншісі батырлар туралы дерек іздеген.
АСХАТ ЕРЛАНҰЛЫ, Кеңес Одағының Батыры И.М.Бережной атындағы Келлер орта мектебінің оқушысы:
– Бірінші орын үшін келдім. Әзірлеген жұмысым Қарасай батыр жайлы. Қарасай мен Ағынтай батырлар кезінде талай шайқасқа қатысып, жеңіске жеткен.
Әр ауылдың, әр жердің өзіндік тарихы бар. Зерттеу жұмысына бүгінгі ұрпақ кіріспесе, маңызды мәліметтер жарияланбай қалуы мүмкін. Осындай ұстанымдағы жұмабаевтық жастар облыстық конференцияға 2 бірдей жоба әкеліпті.
САБЫР САРСЫМОВ, Қызыл Қазақстан орталау мектебінің тарих пәні мұғалімі, М. Жұмабаев ауданы:
– Өзіміздің туған ауылымыз – Құралай. Бірінші жобада ауылдың тарихын зерттедік. Екінші жоба Қожаберген шілігі жайлы. Сол туралы ақпарат жинадық.
Конференция соңында үздік жоба авторлары бірінші, екінші және үшінші санаттағы дипломдармен марапатталады. Бұл жас тарихшыларды одан әрі зерттеу жұмысымен айналысуға ынталандырмақ.