Петропавлда Камиль Сафинді еске алуға арналған бокстан республикалық турнир басталды. Дәстүрлі додада бақ сынау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық спортшы келді. Теріскейдің намысын 20 бозбала қорғайды.
Шаршы алаңға шыққан әр боксшы оқтаулы тұрған мылтықтай. Орайы келгенде соққы бағыттайды. Қос қапталдан, иектен және бауырдан ұрады. Аяқтары да жылдам қимылдайды. Жастардың техникасы кез келген жанды таң қалдырады.
АНТОН ЛОПАТИН, Камиль Сафин атындағы ОБЖСМ директоры:
– Бұл жарыс 1997 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұрын Камиль Сафиннің марапаты үшін өткіздік. Атақты жерлесіміз 2013 жылы өмірден озды. Содан бері жылда еске алу турнирі ұйымдастырылады. Шаршы алаң шебері әлі жадымызда. Өңірде бокстың дамуына зор үлес қосты. Бұл жолғы додаға Астана, Алматы қалаларынан және Абай, Жетісу, Жамбыл, Қостанай, Атырау облыстарынан 15-16 жастағы балалар келді.
Әр кездесу тартысқа толы. Шаршы алаңда 54 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шеберлік сынасуда. Мына жұптың жеңімпазы – атыраулық бозбала. Ол қарсыласын ұпай сандары бойынша жеңді.
БЕКАРЫС ҒАРИФОЛЛАЕВ, турнирге қатысушы, Атырау облысы:
– Қарсыласымның осал тұстарын анықтадым. Сол арқылы жеңіске жеттім. Бұған дейін халықаралық, республикалық турнирлерде жеңіске жеттім.
Республикалық турнир сенбі күні өз мәресіне жетеді. Бұл жарыста өңіріміздің үздік боксшылары анықталмақ. Олар қараша айының соңында жалауын желбірететін ел біріншілігінде облыстың намысын қорғайды.
Байболат Құлтанов