Мәдениет

Орал театры – Петропавлда!

Орал театры – Петропавлда! Кеше облыс орталығына сонау Ақжайықтың жағасында орналасқан Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен келді. Батысқазақстандық өнерпаздар теріскей жерінде 3 күн болып, 4 қойылым сахналамақ.

НҰРЖАН ТАСБОЛАТОВ, Хадиша Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының директоры, Орал қаласы:

– Ұжымда 150 адам жұмыс істейді. Биыл қатарымызға жастар қосылды. 70-ке жуық әртісіміз бар. Жеткен жетістіктерімізді айта беруге болады. Биыл 3 халықаралық фестивальге қатысып, барлығында жүлдегер атандық.

Алдымен өнер ұжымы С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Өздерін таныстырды, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде қонақ күтуші тарап ат терлетіп жеткен әріптестеріне алғыс білдіріп, болашақта теріскейлік әртістердің де гастрольдік сапармен Оралға баратынын жеткізді.

БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының директоры:

– 2021 жылы екі театр арасында меморандумға қол қойылған болатын. Содан бері достық қарым-қатынасты үзбей келеміз. Осыдан 2 жыл бұрын Оралға 3 күндік гастрольдік сапармен бардық.

Шараға Қазақстанның халық әртісі Гүлжиян Шынтемір де қатысты. Атақты актриса брифинг барысында өз тәжірибесімен бөлісті. Өнерпаз апамыз 78 жаста болса да сахнаның сәнін келтіріп жүр. Ол жастарға әрқашан еңбек ету керектігін айтты.

ГҮЛЖИЯН ШЫНТЕМІР, Қазақстанның халық әртісі, Орал қаласы:

– Гастрольсіз театр – театр емес. Қызылжарға келгеніме өте қуаныштымын. “Хан Жәңгір” қойылымына барлық билет сатылып кеткен.

Кеше қызылжарлық көрермен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың “Хан Жәңгір” реквиемін тамашалады. Туындыда 18-ші ғасырдағы қазақ халқының қалай өмір сүргені ұсынылды. Атақты Махамбет Өтемісұлы Жәңгір ханмен жауласады. Сол кезде ел билеуші Ресей империясының жобаларын жүзеге асырып, қазақты отырықшылыққа әкелгісі келеді. Арадағы алауыздық салдарынан «Хан емессің қасқырсың» өлеңі өмірге келеді. Махамбеттің рөлін Қуаныш Амандық сомдады.

ҚУАНЫШ АМАНДЫҚ, Хадиша Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актеры, Орал қаласы:

– Қойылымда Хан Жәңгірдің өмірі суреттеледі. Азат Мыңбай есімді жас әртісіміз Жәңгірді сомдайды. Жәңгір қазақ-орыс арасындағы дипломатиялық байланысты берік ұстаған.

Ақ жаулықты аналарымыз отбасының ұйытқысы саналған, қазақ қыздары қашан да тәрбиелі болған. Қойылымды әзірлеген режиссер осыған баса мән беріпті.

ЖАНАР ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Хадиша Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актрисасы, Орал қаласы:

– Өнер ордасында қызмет етіп келе жатқаныма 30 жылдай болды. Түрлі рөлдерді сомдадым. Қызылжарға алғаш рет келуім.

Өнер ордасында ине шаншар орын болмады. Айта кету керек, оралдық театр қарашаның 8-9 күндері гастрольдік сапарымен Астанаға барады. Келген қонақтарымыз бүгін “Арманым, Әселім” лирикалық драмасын көрермендерге ұсынбақ.