Қоғам

Ғасырдан асқан кейуана

Ғасырдан асқан кейуана! Адалдық пен еңбекті ту еткен петропавлдық Дәнекер Қасымбекованың ғибратты ғұмыры баршаға үлгі болуы тиіс. Ардақты ана өткен ғасырдағы аштықты, саяси қуғын-сүргінді және соғыс кезеңіндегі қиындықтарды бастан өткерді. Мұнын бәрін көрмек түгілі ойлаудың өзі қиын. 108-ге қадам басқан ақ жаулықты әжеміздің құлағы естиді, көзі жақсы көреді. Тіл-көзіміз тасқа. Ол жастайынан еңбекке араласқан, отбасында ізбасарларына ақылшы, мейірімді жан болған.

ДӘНЕКЕР ҚАСЫМБЕКОВА, 107 жастағы қала тұрғыны:

– Колхозда жұмыс істедім. Көп тер төктім. Мал да бақтым, жер де қаздым. Қиын заманда шұлық, шәлі тоқыдым. Соларды сатып, күн көрдік.

107-ге келген әжемізден көп жасаудың сырын сұрадық. Кейуананың сөзінше, бірінші кезекте адал еңбек етіп, ешкімнің ала жібін аттамау керек. Тағы табиғи таза өнімдерді тұтынған жөн. Ғасыр жасаған Дәнекер әже қартайдым деп үйде отырған жоқ. Арасында аулада серуендейді, тіпті қонаққа да барып тұрады екен. Тілдесу барысында кейуана бізге батасын берді.

Дәнекер Мырзахметқызы 6 бала тәрбиелеген. Олардан 8 немере мен 18 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отыр. Яғни, кейуананың немересінің өзінде немере бар. Бүгінде бағып-қаққан ұл-қыздары ғасырдан асқан жерлесімізге күтім жасайды. Олар аналарының отбасы ұйытқысы екенін айтады.

Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде Петропавлда жасы 100-ден асқан 7 адам өмір сүруде.

 

Нұрасыл Ахмет