Жамбыл ауданындағы «Династия Агро» серіктестігі мен сонау Жапониядағы «JATECO» компаниясы арасындағы ынтымақтастық 2022 жылы басталды. Алдымен жергілікті кәсіпорын басшысы Владимир Кан зығыр мен күнбағыс майының үлгілерін бірнеше рет шетелге жөнелткен. Шекара сыртында теріскейдің табиғи таза өнімі жоғары бағаланыпты. Бүгінде «JATECO» өкілдері өз нарығында қазақстандық майды сатумен айналысады.
НОБУЮКИ МИЯКЕ, «JATECO» компаниясының атқарушы вице-президенті, Жапония:
– Компаниямыз қазақстандық өнімді импорттаумен айналысады. Бүгінде біз Қазақстанның Жапониядағы жалғыз мамандандырылған сауда агентіміз деуге болады. Еліміздің халқы 120 млн адамды құрайды. Жапонияның өзіндік ерекшелігі бар. Елімізде ресурс жоқ, сондықтан импортқа өте тәуелдіміз.
Күншығыс еліне жетудің өзі оңай емес, ал тауар тасымалдау тіпті қиын шаруа. Алайда, солтүстікқазақстандық кәсіпкер жоспарлағанын жүзеге асырды. Бүгінде Владимир Канның зығыр майы Жапонияның 19 мың дүкенінде сатылады.
НОБУЮКИ МИЯКЕ, «JATECO» компаниясының атқарушы вице-президенті, Жапония:
– Бүгін біз арадағы әріптестіктің тамаша нәтижелері туралы айта аламыз. Солтүстік Қазақстан жерінен шығатын зығыр майы Жапонияның ең үлкен сауда желісінің дүкендерінде сатылады. Оның сапасы өте жақсы. Біз еліміздің нарығына 200 тоннаға жуық өнім жеткізіп қойдық. «Династия Агро» жауапты серіктес болып табылады. Біз арадағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді.
Жамбыл ауданында өсімдік майларын өндіру 2016 жылы қолға алынды. Тиісті цехтың ауданы – 711 ш.м. Өткен жылы өндіріс көлемі 360 тонна зығыр майын құраған. Айта кетерлік жайт, «Династия Агро» – экспорт тұрғысында мақтаулы, лайықты серіктестік.
ВЛАДИМИР КАН, “Династия Агро” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– Біз майымызды Моңғолияға жібереміз, ол жақта жақсы саудаланады. Өздері тамаққа қосады, жылқыларына береді. Бірнеше жылдан бері Ресей Федерациясымен тығыз байланыстамыз. Свердлов пен Қорған облыстарына тауар жіберіледі. Бірақ ең жоғары жетістік – Жапония нарығына шығуымыз. Логистикалық қиындықтар болды, бірақ біз ойымызды жүзеге асырдық. Жапония, Оңтүстік Корея, БАӘ сияқты елдерге шығу – компания үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін үлкен мәртебе.
Біле жүрген маңызды, солтүстікқазақстандық зығыр майы өзінің сауықтыру қасиеттерінің арқасында ерекше танымал.
ВЛАДИМИР КАН, “Династия Агро” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– Еуропалық стандартқа тоқталайық. Онда зығырдың құрамындағы омега-3 үлесі кемдегенде 45% құрауы керектігі жазылған. Ал бізде бұл көрсеткіш шамамен 65%-ды құрайды. Өнім сапасы үшін табиғатымызға алғыс айту керек. Солтүстік Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайлары зығыр майындағы аминқышқылдарының жоғары сапасына ықпал етеді. Әрине, ол адам денсаулығына өте пайдалы. Таза май ісіктердің, қатерлі ісік жасушаларының жайылмауы да әсерін тигізеді.
Бұған дейін «JATECO» компаниясының өкілдері ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижановамен кездескен. Тараптар өсімдік майын одан әрі экспорттау жобаларын талқылады. Жапонияның зығыр майына деген жылдық қажеттілігі 10 мың тоннаға жуықтайды. Жақын арада «JATECO» компаниясы қазақстандық өнімнің импортын 3 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Байболат Құлтанов