Спорт

Президенттік көпсайыстан ҚР Кубогы өз мәресіне жетті

Дүйсенбі күні түске таман Президенттік көпсайыстан ҚР Кубогы өз мәресіне жетті. Ақтық сайыс – ұзақ қашықтыққа жүгіру. Мұнда ең жүйрік әрі шыдамды спортшылар анықталды.

ВИТАЛИЙ ПЕНКИН, спорт ардагері:

– Президенттік көпсайыстан ҚР Кубогы Петропавлда осымен 2-ші рет өтіп отыр. Осы сынды додалар өңірімізде спорттың қарқынды дамуына әсер етеді. Жастар мықтыларды көрсе, тілдессе, спортқа деген құлшыныстары артады деген сенімдемін. Бүгін жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапат алады. Ал ерекше көзге түскендеріне бағалы сыйлықтар қарастырылған.

Марапаттау рәсімі Александр Винокуров спорт сарайында өтті. Жарыс қорытындысы бойынша қостанайлықтар қарсыластарын артта қалдырып, жалпы командалық есепте топ жарды. Жеңімпаз қонақтарымыз дүбірлі дода жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.

КҮЛӘШ ТӨЛЕБАЕВА, жарыс жеңімпазы, Қостанай облысы:

– Президенттік көпсайыспен 20 жылдан бері айналысамын. Петропавлға осымен 2-ші рет келіп отырмын. Жақсы қарсы алды. Мұнда тыңғылықты дайындалуға барлық мүмкіндік жасалды. Спорт сарайы керемет екен. Ішінде барлығы бар. Ұлттық құрама сапына ендім деп ойлаймын. Алдағы әлемдік деңгейдегі бәсі биік додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғағым келеді.

Ал екінші орынды 2717 ұпаймен өңір командасы иеленсе, Маңғыстау облысынан келген спортшылар үздік үштікті қорытындылады. Олар теріскейліктерден 100 ұпайға қалып қойды.

 

Нұрасыл Ахмет