Шәмші Қалдаяқов – вальс патшасы! Сенбінің кешінде Петропавлдағы Ақан сері атындағы филармония қабырғасында қазақтың біртуар ұлына арналған концерт ұйымдастырылды. Шарада жергілікті сахна саңлақтары оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Әндердің барлығы жанды дауыста шырқалды. Жүректен шыққан әр туынды жүрек түкпірінен орын тапты.
Вальс патшасының ерекше туындыларының бірі – “Құшақ жайған қандай адам”. Оны филармонияда 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Нариман Жолдасбеков орындады.
НАРИМАН ЖОЛДАСБЕКОВ, Ақан сері атындағы филармонияның солисі:
– Бұл әнді бекерден-бекер таңдаған жоқпын. Шәмші ағамыз – вальс патшасы, романтик. Ол кісі 60 жасқа толған кезінде сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалады.
Медбике Шәмші Қалдаяқовты танып, оған өте жақсы күтім жасайды.
НАРИМАН ЖОЛДАСБЕКОВ, Ақан сері атындағы филармонияның солисі:
– Кейін ағамыз құшағын кең жайған адамды бағалап, медбикеге арнап ән жазған.
Жиналған қауымның қарасы қалың болды. Залда ине шаншар орын жоқ. Көрермендердің көбі Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын сағынып келген – егде жастағы жерлестеріміз.
АБЗАЛ МҰХИТДИН, Ақан сері атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі, бас дирижер:
– Концертте Шәмші Қалдаяқовтың әндері ғана емес, басқа да жандардардың әндері шарқалады.
Жалпы, кеш барысында күміс көмей әншілер 20-дан астам ән шырқады.
Мәдина Қаби