Мықтылар, мергендер мен жүйріктер. Петропавлда Президентік көпсайыстан ҚР Кубогы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар 3 күн бойы спорттың 4 түрі бойынша күш сынасты. Кеше олар көпшілікке бассейндегі бәсекені ұсынды.
РУСЛАН ҚОЖАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Жарысқа еліміздің 8 облысынан қатысушылар келді. 95 адам бақ сынауда. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топқа бөлінген. Ең жас спортшы 12-де болса, ең үлкені 70-тен асқан. Марапаттар жеке және командалық есепте табысталады. Оқ бойы озық шыққандар ұлттық құрама сапына алынады.
Қатысушылардың сөзінше, мұнда ең бастысы шыдамдылық керек. Бақ сынаушы адамдардың арасында 40-тан асқан қостанайлық спортшы Дархан Нұрпейісов жүр. Президенттік көпсайыспен 10 жылға жуық айналысып келеді. Ол кеше пневматикалық винтовкамен оқ ату сайысында 3-ші орын иеленген. Бүгін жеңістен үмітті.
ДАРХАН НҰРПЕЙІСОВ, жарысқа қатысушы, Қостанай облысы:
– Мақсатым – жақсы нәтиже көрсету. Президенттік көпсайыс маған қатты ұнайды. Себебі, бірнеше спорт түрі ішіне кіреді. Жеткен жетістіктерім аз емес. Қыста Өскеменде өткен ҚР чемпионатында 2-ші орын алдым.
Жексенбідегі қорытынды бойынша Қостанай облысының командасы көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыға теріскейліктер жайғасқан.
Нұрасыл Ахмет