Ауыл шаруашылығы

М. Жұмабаев ауданында қорытынды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Жексенбі күні М. Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Ауылдың құрт-майы, еті, жұмыртқасы мен ірімшігі. Бұлардың барлығының құны нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен. Табиғи таза әрі аса қалта қақпайтын өнімдерді алуға халық көп жиылды.

– Ірімшік алуға келдім. Келісі 700 тг тұрады екен, бірден алдым. Осындай іс-шараларды жіберіп алмауға тырысамыз.

Ноғайбай би ауылдық округінің тұрғыны Айымгүл Тұрғынова жәрмеңкеге сүт өнімдерін молынан әкелген. Нәзікжанды жеткізгеннің барлығын сатқысы келеді. Сол себепті кейбірінің бағасын түсіріп те қойған.

АЙЫМГҮЛ ТҰРҒЫНОВА, Ноғайбай би ауылдық округінің тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:

– Табиғи өнімдерді сатып жатырмын. Сүт 250 теңгеден сатылады, майдың келісі – 4,5 мың теңге. Облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге жиі қатысамыз.

Жәрмеңкеде жұмыртқаның 10 данасы 480 теңгеден сатылуда. Сиыр етінің келісі – 2200, картоп – 100, ал бал болса 2000 теңгеге бағаланған.

АЗАМАТ ШӘРІПОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– Жәрмеңкеге ауданымыздың барлық ауылдық округі өнімдерін ұсынды. Біз осындай шараларды жиі өткіземіз. Астанада өткен облыс тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне де қатыстық. Елордалықтар тауарларымыздың бірін де қалдырмай алып кетті. Бұл – ауданымыздың аумағында ұйымдастырылған қорытынды жәрмеңке. Бүгін азық-түлік тонналап сатылып жатыр.

Жәрмеңкеде мал азығы да сатылды. Мысалы, бір орама шөп 5 мың теңге тұрады. Әдетте оның құны – 7-8 мың теңге. Ал кесілген бір машина отын небәрі 50 мыңнан саудаланды.

– Құстарыма 10 қап бидай алдым. Бір қабы 2 мың теңгеден сатылуда. Аса қымбат емес. Қазір отын-шөпті қарайтын боламын. Егер бағасына келісіп, алатын болсам, алдағы қысқа толықтай дайынмын деп айта аламын.

Шарада аудан әкімі Рахат Смағұлов бой көрсетті. Ол әр сауда нүктесіне барып, тұрғындармен тілдесті. Айта кету керек, орталық алаңда жәрмеңкеден бөлек, спорттық ойындар да өткізілді, келушілердің барлығына тегін тамақ таратылды. Бір сөзбен айтсақ, жәрмеңке жұмабаевтық ағайынды бір серпілткен мерекеге айналды.

 

Нұрасыл Ахмет