Облыстық прокуратурада облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың жетекшілігімен ведомствоаралық кеңес өтті. Жиында алименттерді өндіріп алу мәселесі талқыланды. Статистика сүйенсек, өңірде балаларының алдында берешегі бар 170-тен астам адам тіркелген. Олардың жалпы қарызы 250 млн теңгеден асып жығылады.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
– Прокуратура биыл алимент төлемеген, бірақ букмекерлік кеңселерде бәс тіккен 40 адамды анықтады. Мысалы, бір борышкердің 5 млн-ға жуық берешегі бар. Ол құмар ойыннан 21 млн теңге ұтса да, баласының алдындағы қарызын өтемеген. Біз іске араластық. Нәтижесінде бәске жақын жандардан 63 млн теңге өндіріп алдық. Айта кетейін, енді балаларына ақша төлеуге міндетті адамдар құмар ойын ойнай алмайды. Осындай тыйым енгізілді.
Жалпы, жыл басынан бері 82 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 71-і қамауға алынса, 11-іне айыппұл салынған. Ал 12 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
– Өңірімізде алимент алатын балалардың саны 9 мыңнан асып жығылады. Статистика көңіл көншітпейді. Біз тексеру барысында тағы бір фактіні анықтадық. Борышкерлер интернет-қосымшалар арқылы такси қызметінде жұмыс істеп, қыруар қаржы тапса да, алимент төлемеген. Мысалы, борышкер “InDrive” арылы 1 млн-ға жуық табыс тапқан. Алайда, 555 мың теңге берешегін өтемеген.
Жиын соңында облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар жауапты органдарды өзекті мәселемен бірлесе күресуге шақырды.
Нұрасыл Ахмет