Балалар

Петропавлда “Мамандықтар калейдоскопы” байқауы өтті

«Мамандықтар калейдоскопы». Осындай атаумен Петропавлда қалалық жасөспірімдер клубтары арасында байқау өтті. Оған мамандықты осы күннен таңдаған балалар қатысты. Лейла Насырова – болашақ аспазшы. Оның тамақ әзірлеуге деген құлшынысын анасы оятыпты.

ЛЕЙЛА НАСЫРОВА, байқауға қатысушы:

– Мен тамақ пісіргенді жақсы көремін. Әсіресе, кітаптарда жазылғандарды оқып, тағам дайындаған ұнайды. Мысалы, омлет пен чизкейкті тамаша әзірлеймін. Алдағы уақытта осы ісімді жалғастырғым келеді. Болашақта мықты маман боламын деп ойлаймын.

“Армансыз адам – қанатсыз құспен тең” демекші, байқауға келген балалардың барлығы алдына мақсат қойған. Бірі суретші болғысы келеді, ал екіншісі актриса атансам дейді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Ұл-қыздарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін осындай шараны ұйымдастырып отырмыз. Балалар байқауға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Киген киімдері мамандықтарға сай, өздеріне ұнайтын мамандықтарды таныстырып жатыр. Би билеп, ән шырқаған ұл-қыздар да кездесті. Бізді осындай талантты да арманшыл жастардың көп екендігі қуантады.

Шараға қатысқан қонақтар мамандыққа байланысты осындай байқаулардың жиі өткенін қалайды. Олар балалар осы күннен белгілі бір бағытты таңдаса, қатарластарымен араласса, биік белестерді бағындырады деген сенімде.

 

Мәдина Қаби