Бөрікті аспанға атуға болады! Солтүстікқазақстандық палуан Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Ол Албания астанасы Тиранада жалауын желбіреткен жаһандық жарыста қарсыластарының барлығын қоғадай жапырды. Атап айтсақ, жерлесіміз Израиль, Молдова, Грузия, Тәжікстан және Жапонияның бозкілем шеберлерін жеңді. Ақтық сында 3 те 5 есебі тіркелді. Еске сала кетейік, бұл – 26 жастағы теріскейліктің әлем біріншілігіндегі екінші финалы. Ол 2019 жылы Астанада күміс медаль еншілеген болатын. Тарихи жетістікке жеткен Нұрқожаны жарқын жеңісімен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Нұрқожа – қазақ тарихында Ризабек Айтмұқаннан кейін әлем чемпионы атанған екінші спортшы. Қайпановтың қайсарлығы, қажырлы еңбегі және асқан шеберлігі спорт сүйер қауымды ерекше қуантты. Солтүстік Қазақстанның мақтанышы барша қазақстандықтарға үлгі болдыңыз. Бұл жеңісіңіз жас спортшыларға шабыт беріп, ел абыройын әлемдік деңгейде асқақтатты. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көріне беріңіз.
Байболат Құлтанов