Білім

Мектепке дейінгі білім беру саласының дамуы талқыланды

Петропавлда мектепке дейінгі білім беру педагогтарының І халықаралық форумы өтті. Жиынға еліміздің түрлі өңірлерінен қонақтар келген. Сонымен қатар, бұл шараға Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының өкілдері онлайн режимінде қатысты.

РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры:

– Үлкен көрме ұйымдастырылды. Қойылғанның барлығын ұстаздар өз қолымен жасаған. Біздің қонақтарымыз – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің, балаларды ерте дамыту институтының өкілдері. Мұнда М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж бен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөліседі, тәрбиешілердің қалай даярланатындығы жайлы айтады.

Педагогтар саланы одан әрі дамыту жайлы сөз қозғады. Форум – жаңа әдістемелерді, зерттеулер мен жетістіктерді қарау, талқылау үшін тамаша мүмкіндік, дейді сарапшылар.

ЛАДА БАРОН, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы:

– Бүгінде алдыңғы қатарға біліктілік орталықтары шығады. Олар озық педагогикалық тәжірибені көрсетеді және жан-жаққа таратады. Осы тұрғыда бүгінгідей форумдардың маңыздылығы зор. Мемлекет педагогтардың тәрбиеші мәртебесін бекіту, біліктілік алу, оны жоғарылатуы үшін аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазір дамуға барлық мүмкіндік бар.

Саланы дамытуға қосқан үлесі үшін педагогикалық еңбек ардагерлері құрмет грамоталарымен марапатталды.

Надежда Баранова Айыртау ауданынан келіп отыр. Ол 1976 жылдан мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейді. Отандастарымыздың бірнеше буынын тәрбиелеген. Педагог еңбегінің республикалық деңгейде бағаланғанына өте қуанышты.

НАДЕЖДА БАРАНОВА, педагогикалық еңбек ардагері, Айыртау ауданы:

– Бір күні менен балабақшада неше буын тәрбиелегенімді сұрады. Санай алмадым. Алдымнан жүздеген бала өтті. Жақында ғана шетелде қонақта болдым. Көшеде кетіп бара жатқанда менің атымды біреу атап, тоқтатты. Қатты таң қалдым. Сол жерде өз түлектерімді, тәрбиеленушілерімді кездестірдім. Осы сәтті өмірімді жұмысқа бекер арнамағанымды түсіндім. Балаларым мені құрметтейді.

Сондай-ақ, форумда мектепке дейінгі білім беру педагогтарына арналған жаңа әдістемелік құрал таныстырылды. Жинаққа 400-ге жуық мақала енген. 3 томнан тұратын еңбек мамандарға өз дағдыларын жетілдіруге және басқа елдердегі әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға көмектеседі.