Еңбектері еленді! Біреу білсе, біреу білмес, тасқын кезінде Петропавлда студенттер жасағы құрылды. Жоба авторы – “Ауыл” партиясы. Жастар жаз бойы Бірлік ықшам ауданындағы үйлерді салуға көмектесті. Төккен тер үшін әрқайсысы ақша алды.
ҚУАНЫШ СЕЙТЖАНОВ, “Ауыл партиясы” РҚБ орталық аппаратының басшысы:
– Студенттік жасақ ел басына күн туған кезде құрылды. Алдағы уақытта бұл жобаны республика көлемінде дамытпақпыз. Себебі, мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады.
Облыстық “Ауыл жастары” құрылыс жасағының құрамына 40 адам енген. Тағы соншасы резервте тұрыпты. Яғни, жастардың біреуі жұмысқа шықпай қалса, орнын өзге студент басқан. Жас құрылысшылардың жалақысы 250-350 мың теңгенің аралығында болған.
ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, “Ауыл партиясы” РҚБ СҚОФ басшысы:
– Тасқын кезінде ауқымды жұмыстар атқардық. Шілде айында 100 отбасыға 20 қаз балапанынан және оларға қажетті жем тараттық. Қазіргі таңда тұрғындар құсты өсіріп, тамақ қылып отыр.
Жасақ құрамында болған М.Қозыбаев атындағы университеттің студенттері партия басшысы мен Өнеркәсіп және құрылыс министрінің атынан марапатқа ие болды. Жалпы 8 студент мадақталды. Соның бірі – Санжар Темірбай. Жігерлі жас өңірге қызыл су келген күннен бастап зардап шеккен жандарға көмектескен.
САНЖАР ТЕМІРБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті:
– Қаламызға су келгеннен бастап ерікті болып қызмет атқардым. Жаз кезінде құрылыс компанияларына көмек көрсеттік. Материалдарды тасыдық. Менің ойымша, қиын-қыстау сәтте көмек көрсету – әр ҚР азаматының борышы.
Айта кету керек, “Ауыл партиясы” орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейтжанов екі күн бойы жергілікті студенттермен кездесіп, семинарлар өткізбек.
Нұрасыл Ахмет