Білім

Жұмабаевтық өнертапқыш оқушы қос байқауда жүлде еншіледі

Жұмабаевтық Жандос Тілағанов – ауданның ғана емес, күллі өңірдің мақтанышы. Ол Астана қаласында робототехникадан өткен республикалық және халықаралық қос байқауда жүлде еншіледі. Ел мерейін асырған ұлды қарсы алу үшін тәлім беретін ұстаздары Петропавлға арнайы келіпті.

Ақылды, алғыр әрі тәртіпті. Ұстаздары қос жүлдені мойынға таққан чемпионды құшаққа алды, құттықтау мен тілектерін жаудырды.

ЖАНДОС ТІЛАҒАНОВ, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназияның оқушысы, М. Жұмабаев ауданы:

– Бірінші республикалық байқау болды, онда чемпион атандым. Ал халықаралық байқауда екінші орын еншіледім. Қарсыластарым өте мықты болды.

Бір қызығы, Жандостың робототехника үйірмесіне жазылғанына көп болмаған. Ол Астанада робот-сумо аталымында бақ сынады. Онда шеңбер ішіндегі құлтемірлер бірін-бірі сыртқа шығаруы керек.

СЕРГЕЙ СУХАНОВ, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназия робототехника үйірмесінің жетекшісі, М. Жұмабаев ауданы:

– Астанаға 5 бала апардым. Жандос робот-сумо аталымында барлығын жеңді, тек финалда есе жібердік. Сонымен қатар, өзге шәкірттерім жолақ бойынша жүру аталымында сынға түсті. Өкінішке қарай, сәл жолымыз болмады. Дегенмен, көңіл-күйімізді түсірмейміз.

Мағжан Жұмабаев ауданында робототехника қарқынды дамып келеді. Мектептерде үйірмелер бар. Сонда балалар саланы меңгереді, шеберлік шыңдайды.

СЕРГЕЙ СУХАНОВ, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназия робототехника үйірмесінің жетекшісі, М. Жұмабаев ауданы:

– Біздегі робототехника үйірмесінің құрылғанына 1 жылдан енді асты. Балалар тарапынан зор қызығушылық бар. Соның арқасында облыстық кезеңнен өтіп, республикалық және халықаралық байқауда бақ сынадық. Шәкіртім чемпион атанып отыр. Бұл – барлық команданың жеңісі. Ұл-қыздар жүлде әкелген роботты бірлесе жинады.

Жалынды жастар дайындықтарын жалғастырады. Олар желтоқсан айында Петропавлда өтетін облыстық додада бақ сынайды.

 

Байболат Құлтанов