Қоғам

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар

Қазіргі уақытта елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі сауданы мемлекеттік реттеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да мән берілген. Алайда, Қазақстанда ұсынылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағым артуда. Яғни, азаматтар жиі жүгінетін болған.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– 9 айда біздің департаментке 368 өтініш келіп түсті. Ең көп шағымдар келесі салаларда байқалады: бөлшек саудада – 28,0%; электрондық саудада – 46,7%; тұрмыстық қызмет көрсету – 3,3%.

Жергілікті департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және оларға ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдемдеседі. Ал қаржының көлемі бас шайқатады. Биыл мемлекеттік орган мамандары бақандай 5 321 037 теңгені қайтарғызыпты.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Ағымдағы жылдың 9 айында жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа 13 жаза қолдану туралы қаулы шығарылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Бүгінгі баспасөз конференциясына “Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы” қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятан қатысты. Ол өңірлерді аралап, сапасыз өнімдерді анықтайды. Тілшілермен тілдесу барысында бірнеше мысалға тоқталды.

ЖАННА БИЯТАН, “Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы” ҚБ өкілі:

– Ресейлік 2 өнімді зерттедік. Оларға тауық еті қосылыпты, ал бұл тұралы қаптамада жазылмаған.

Конференция соңында Жанна Биятан халықты тек сапалы өнімдерді алуға шақырды. Спикердің сөзінше, дүкен немесе базар аралаған тұтынушы сауда жасаспас бұрын өнім жайлы толық ақпармен танысу керек.

 

Байболат Құлтанов