Денсаулық сақтау

Қазақстанда рецепт электронды түрде берілетін болды

Қазақстанда рецепт электронды түрде берілетін болды. Енді дәрі алу үшін тұрғындар парақ тасымайды. “Egov Mobile” қосымшасы арқылы қажеттіге қол жеткізеді. Тың бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асты.

НИКОЛАЙ НОВИКОВ, №1 қалалық емхананың директоры:

– Азаматтар дәріні алу үшін өзі тіркелген учаскедегі дәрігерге хабарласады. Маман тұрғынның шағымы бойынша рецепт жазып, онлайн түрде жолдайды. Яғни, іс үйден шықпай-ақ тындырылады. Дәріханаға келген тұлға “Egov Mobile” қосымшасындағы “Әлеуметтік әмиян” бөліміне өтеді. Сондағы батырманы басу арқылы QR-код шығады. Міне, осылай дәрілердің тізімі пайда болады.

Дәрігер өзі тағайындаған дәріні науқасқа әдетте қолмен жазып беретін. Тың жобаның арқасында емделуші түсініксіз жазудан арылады әрі уақыт үнемдейді.

НИКОЛАЙ НОВИКОВ, №1 қалалық емхананың директоры:

– Емханада тіркеуде тұрған жандардың барлығында өз медбикесі бар. Егер түсінбеген адамдар болса, қызметкерлерден сұрай алады. Ал қосымшаны қолдана алатын жандар барлығын түсінсе, дәріханаға барып, керекті дәрілерін ала алады.

Әрине, қосымшаны қолдану қарт адамдар үшін қиын. Мұндай жастағы адамдардың көбінде қарапайым телефон. Осыған байланысты №1 қалалық емхананың алдында ұзын-сонар кезек қалыптасқан.

– Мен батырмалары бар телефон ұстаймын. Зейнетақым аз. Енді нестеймін?

– Кеше “Әлеуметтік әмиян” электрондық сервисін жүктеу үшін жұмыстан сұранып, халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Қосымша маған ауадай қажет. Үйден шықпай дәрі алып отырсам, қаншама уақытымды үнемдейтін едім.

– Менің қайын енем – 98 жаста. Онда телефон жоқ. Енді қалай дәрі аламыз? Мына жаңашылдық бізге қолайсыз.

Қам жеудің қажеті жоқ. Бәріміз үйренген тәжірибе бүгін-ертең жойылмайды. Дәрігерлер жүгінген жандардың барлығына қолмен рецепт жазып беруге әзір. Бірақ, болашақта медицина саласын толықтай цифрландыру жоспарланған.