Облыстық аурухана қабырғасында мәйіттік донорлық жайлы сөз қозғалды. Бұрын бұл түсінік ат үркітетін, қазір қоғамның көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. Себебі, елімізде, оның ішінде аққайыңдар өлкесінде ағза ауыстыруға зәру адам саны артуда. Статистикамен елордадан келген Қайрат Иманбаев бөлісті.
ҚАЙРАТ ИМАНБАЕВ, ҚР ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының бөлім басшысы
– СҚО бойынша 104 адам күту парағында тұр. Оның ішінде 4 бала бар. Өкінішке қарай, өткен 9 айдың ішінде әлі 1 донор да ұсынылмады.
Дегенмен, өңірімізде мәйіттік донор болуға қарсылық танытпаған жандар бар. 150 адам “қарсы емеспін” деп жауап беріпті. Трансплантация – әлемдік тәжірибе. Қазір озық елдер осы тәсіл арқылы науқастарды аяққа тұрғызуда. Қазақстан болса баспалдақта енді қадам жасауда.
ҚАЙРАТ ИМАНБАЕВ, ҚР ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының бөлім басшысы:
– Қазақстан бойынша 6 донор болды. 23 адамға ағзалары берілді. Ағза бәріне бірдей берілмейді. Арнайы бағдарлама барлығын өзі таңдайды.
Қайрат Иманбаевтың айтуынша, елімізде 4 080 науқас ағза ауыстыруды қажет етеді. Олардың басым бөлігі бүйрек бойынша күту парағында тұр.
Байболат Құлтанов