Қоғам

Подгорное ауылындағы көшелер жөндеуді қажет етеді

Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылы облыс орталығынан таяқ тастам жерде тұрған жоқ сияқты. Қуатты кәсіпорны бар елді мекеннің көшелері әбден тозған. Мұндағы шұрық-тесікті көрген кез келген жан еріксіз бас шайқайды.

80 жасқа таяған Лидия Чован көзіне жас ала жаздады. Туғалы Подгорное ауылында түтін түтетіп отырған кейуана көшедегі жағымсыз көрініске қатты қынжылады. Көктемде оның үйінің жанындағы жол қызыл суды Есіл өзеніне ағызу үшін бұзылған. Қос қапталдан арық та жасалыпты. Алайда, қазылғанның бәрі бүгінгі күнге дейін жөнді тегістелмеген.

ЛИДИЯ ЧОВАН, Подгорное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бұл маңды тұрғындардың өзі тегістеді. Мына көршілерімде трактор бар. Солар қолдан келгеннің барлығын жасады. Осыдан 1-2 ай бұрын қазылған мен техника ізінен аяқ алып жүре алмайтынбыз. Үйдің іргесінен Есілге қарай көшедегі жалғыз жол өтеді. Оның бетін сырып тастады. Соның салдарынан өрт сөндіру көліктерінің төменге түсіп, су алуы қиындады. От шықпасына кім кепіл?

Тұрғындарды толғандырған мәселе бойынша аудандық әкімдіктің есігін қақтық. Бұл проблеманы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов біледі. Шешудің қамына да кіріскен. Қолында келесі жылға арналған жобалық-сметалық құжаттама бар. Сол бойынша Подгорное ауылындағы бірнеше көше жөндеу көреді.

РИНАТ ШҰҒАЙЫПОВ, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Школьный, Центральный, Лесной, Амангелді және Береговой көшелері жөнделеді. Оған 169 млн аса ақша бөлінді.

Ортасынан қазылған жолға құбыр орнатылмақ. Сол арқылы су қиындықсыз ағатын болады. Ал көшелердің тегістелмеуіне себеп – күштің жетіспеуі. Биылғы көктемде қызылжарлықтар біраз қиындық көрді. Қауырт шақта барлығын қамту мүмкін болмапты.

РИНАТ ШҰҒАЙЫПОВ, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Су тасқының салдары әлі жалғасып жатыр. 1500 үйді су басты. Негізгі күш соларға бағытталды.

Подгорное ауылының тұрғындарына сәл шыдау қажет. Ауылдық округтің әкімі келер жылы жағдайдың түзелеріне сенімді.

 

Байболат Құлтанов