Петропавлда іскер әйелдердің кезекті форумы өтті. Алқалы жиында кәсіптен нәсіп тауып жүрген жандар жұмыстарына қорытынды жасап, өзара тәжірибелерімен бөлісті.
Нұргүл Мұхамеджанова – аспазшы. Ол тапсырыс бойынша ас дайындап, адамдарға жеткізеді. Сонымен қатар, асханада да жұмыс істейді. 30 жылдық тәжірибесі бар. Еңбекке құштар жерлесіміз осыдан 4 жыл бұрын жеке кәсіп бастауды жөн көрген.
НҰРГҮЛ МҰХАМЕДЖАНОВА, кәсіпкер:
– Тамақ істеумен айналысамын. Кез-келген шараға дастархан дайындаймыз. Қарамағымда 4 кісі жұмыс істейді. Осыдан 4 жыл бұрын бастаған сәтте қиындықтар болды.
Дина Ысқақова Қытай өнімдерімен жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда, массаж жасайды, ішкі ағзаны тазартатын тауарларды сатады. Бүгінде ісін оң жолға қойған. Халық арасында танымалдылыққа ие.
ДИНА ЫСҚАҚОВА, кәсіпкер:
– Бұл бағытты бекерден-бекер таңдаған жоқпын. Адамдардың денсаулығы мықты болғанын қалаймын. Косметологияны толық меңгеру үшін Қытай еліне барып, жұмыспен таныстым. Біз келушілерге ине салмаймыз. Тек дәрумендер ұсынып, массаж жасаумен айналысамыз. Білген маңызды, дұрыс жасалған массаж ішкі ағзаны тазалайды. Қарамағымда 40 шақты жұмысшы бар. Барлығы – білікті мамандар.
Жиынға кілең жұмысқа құштар жандар жиналған. Олар өз туындыларын, өнімдерін көрмеде ұсынды. Толық ақпар берді.
СӘУЛЕ ОРАЗОВА, “Туған жер” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Біз бүгін үлкен жетістікке жеткен кәсіпкер әйелдердің айтқандарын да тыңдадық. Олар өздері дайындаған жұмыстарын таныстырды. Шеберлік сабақтарын өткізді. Мұндай форумдардың берері мол. Қатысушылар осындай кездесулер арқылы танысады, жаңа дүниелерді үйренеді, тәжірибе алмасады. Бұның барлығы еліміздің дамуына алып келеді.
Жалпы, іс-шараға 40 шақты кәсіпкер қатысты. Арасында бірнеше ауданнан келген қыз-келіншектер бар.
Мәдина Қаби