“Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық”. Петропавлда осындай атаумен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шығармашылық фестиваль өтті. Шараға аудандардан келген және жергілікті өнер иелері қатысты. Олар әуелетіп ән шырқады, мың бұрала би биледі, көрерменнің қошеметіне бөленді. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Сол себепті, іс-шара аясында балалар да, қарттар да сахнаға шықты. Дәстүрге айналған фестиваль жылда өткізіледі. Байқау соңында өнерлі жерлестеріміз мақтау қағаздарына ие болып, сыйлықтар алды.
АСХАТ СӘРСЕНБАЕВ, қатысушы, Ақжар ауданы:
– Бала кезімнен азды-көпті ән айтатыным бар. Өзімді сынап көрейін деп қатысып отырмын. МузАрт тобының “Есіңе ал” әнін айтатын боламын. Бұл әнді бала кезден білемін. Жүрегіме жақын болған соң таңдадым.
ТАТЬЯНА ЗАЦАРИНИНА, ұйымдастырушы:
– Біз кембағал жандардың кездесіп, бірге уақыт өткізіп, тәжірибе алмасқандарын қалаймыз. Олардың ортаға тез бейімделгені, жаңа таныстар тапқаны жөн. Байқаудың айтарлықтай талабы жоқ. Қатысушылар өздеріне ұнаған әнді шырқайды, би билейді. Қатысушыларды марапатсыз жібермейміз.
Мәдина Қаби