Қоғам

Есіл өзенінде рейд өткізілді

Балық аулауды жаны сүйетін адамдар өзен-көлдерге жылдың кез-келген мезгілінде ағылады. Ал олардың қауіпсіздігіне Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алаңдайды. Қармақ салуға құмар жерлестерімізге тиісті ережені түсіндіру мақсатында Есіл өзенінде кезекті рейд өткізілді. Алайда, төңіректі қайықпен шарлап шыққан мамандардың көзіне ешкім түспеді. Осыған қарағанда балықшылар табиғат аясына демалыс күндері шығады.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Қазір құтқарушылар полиция және көліктік бақылау қызметкерлерімен бірлесіп, су айдындарын аралауда. Балық аулау құралдары мен аңшылық заттар сатылатын жерлерде де боламыз, қауіптің алдын алу жайлы айтамыз. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрғындардың барлығы құтқарушылардың ұсыныстарына түсіністікпен қарамайды. Құлақтарыңызға алтын сырға! Су айдындарында балықшылар құтқару кеудешесінде болуы тиіс. Ал жолға шығардың алдында жақындарыңызға қай жерге баратыныңызды айту керексіз.

Көп ұзамай өзен-көлдердің беті қатады. Бұл ретте балықшылар сауысқандай сақ болғандары жөн. Әр қадамды жеті рет өлшеп жасаған дұрыс.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Температура күннен-күнге төмендеп жатыр. Адамдар өзен-көлдердің бетінде жүруі үшін мұздың қалыңдығы 7 мен 10 см аралығында болуы керек. Егер одан жұқса болса, жарылып кетуі мүмкін. Осыны тұрғындарымыз ескерсе дейміз. Ал егер сіз төтенше жағдайдың куәгері болсаңыз, дереу «112» немесе «101» нөміріне хабарласып, мән-жайды баяндау қажет.

Өкінішке қарай, былтырғы күзде өңірімізде 1 адам балық аулау кезінде қайтыс болды. Мұндайға жол бермеу үшін облыстағы арнайы топтар рейд шарасын жиі өткізбек.

 

Байболат Құлтанов