Талай қиындықты бастан өткерген еліміз бүгінде аяғына нық тұрып, дамыған мемлекеттермен терезесін теңестірді. Осы орайда әлеуметтік сала қызметкерлерінің де атқарған игі істер аз емес. Бүгін бұл мамандар кәсіби мерекелерін атап өтуде. Атаулы датаға орай бірқатары құрметке бөленді. Облыстық әкімдік залына жиналған жандарды облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев құттықтады.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялаған болатын. Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері мен ардагерлері сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Халыққа ұдайы көрсететін көмектеріңіз үшін алғысым шексіз.
Салтанатты шарада Руслан Қанатханұлы көпжылдық жұмыс өтілі бар жандарды марапаттады.
Төккен тері еленгендердің бірі – Аида Әбдірахимова. Бұл салада 10 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан нәзікжанды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атынан “Құрмет грамотасына” ие болды.
АИДА ӘБДІРАХИМОВА, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Халыққа көмек көрсетуден еш жалықпаймын. Адамдар бізге ризашылығын білдірсе, соның өзі жеткілікті. Менің жұмысым – зейнетақы тағайындау. Құжаттарды толығымен тексеріп, азаматтарды зейнетке шығарамыз.
Еліміздің игілігі, әлеуметтік-еңбек саласының тұрақты дамуы мен экономиканың кемелденуі жолындағы қызметі үшін Беркімбай Увалиев те марапатталды. Азаматтың мемлекеттік қызметте жүргеніне 25 жыл болған.
БЕРКІМБАЙ УВАЛИЕВ, Мамлют аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
– Бөлімде 59 адам жұмыс істейді. Биыл 194 адамға көмек көрсеттік. Әлеуметтік қорғау саласы адам бойында мейірімділік, қамқорлық, адамгершілік сияқты қасиеттердің болуын талап етеді.
Салтанатты жиында барлығы 31 адам марапатталды. Айта кету керек, облысымыздың әлеуметтік қорғау жүйесінде 2,5 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Нұрасыл Ахмет