ТКШ

СҚО-да көмір алмаған тұрғындар бар

Солтүстік Қазақстан облысында көмір саудасы қызды. Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын бес саусақтай білетін тұрғындар қара отынды жаппай сатып алып жатыр. Темір жол тұйықтарында көлік кезегі қалыптасқан. Қуанышымызға орай, қазір аймақта жетіспеушілік мәселесі туындап тұрған жоқ.

ЗОЯ ДОРИНГОФ, Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Көмірді жылда осы Жұмысшы кентінен аламыз. Шұбаркөл маркасы өзімізге ұнайды. Жақсы жанады, айтарлықтай қалдық қалмайды. Әдетте қара отынды көктемде дайындаймыз. Үйіміз аса үлкен емес, 2 тонна молынан жетеді. Көмір тапшылығы мәселесіне бірде-бір рет тап болмадық.

НАДЕЖДА САЛОВА, Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Жылда шұбаркөл көмірін аламыз. 5 тонна қыс мезгіліне жетеді. Күл қалмайды. Қара отынды ерте дайындаған дұрыс. Су тимеген көмір жақсы жанады.

Бүгінде халық 342 мың тонна көмір дайындады. Орталық қазандықтарға 59 мың тонна қатты отын қажет. Мұндағы әзірлік әзірге 16 мың тоннаны құрайды. Облыстың темір жол тұйықтарында көмірдің 4 маркасы сатылады: шұбаркөл, қаражыра, майкүбі және екібастұз.

ЕВГЕНИЯ ОСТРОВСКАЯ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

– Облыста жалпы көмір қажеттілігі 612 мың тоннаны құрайды. Бюджеттік мекемелер 146 мың тонна жағады. Қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдарға қажетті қатты отын дайындалды. Сақтау орындарына жеткізілді. Ал халық үшін қажеттілік көлемі 407 мың тоннаны құрайды.

Сандарды қорыты келе халыққа әлі 58 мың тоннадан аса көмір керектігін түсінеміз. Осы орайда тұрғындардың құлағына алтын сырға! Бүгінде өңірімізге қатты отын кесте бойынша келіп жатыр. Оны 36 жерден сатып алуға болады. Қазір аймақта 31 мың тоннаға тарта көмір қоры бар.

 

Байболат Құлтанов