Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Қазақстанда бұл жүйе осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болса да жиі мәселе туындайды. Солардың кейбірі Петропавлда өткен алқалы жиында көтерілді. “Әділдік және өркендеу” қоғамдық қоры облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов саланы майшаммен қарапты. Сонда бірқатар түсінбестікке тап болған.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Әділдік және өркендеу” ҚҚ СҚОФ жетекшісі:
– Өңірде 85 мыңнан астам адамда медициналық сақтандыру жоқ. Ал жұмыссыздардың саны 12 мыңнан асады.
Сандар неге сәйкеспейді? Қатысушылар еркін пікір алмасты. Сөз алғандар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және облыс бойынша мемлекеттік кірістер департамент арасындағы байланыстың берік еместігін алға тартты. Бұл – саланың алға жылжымауына әсер етіп отырған басты факторлардың бірі. Сонымен қатар, кездесуде ауыл тұрғындарына қатысты мәселе көтерілді.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Әділдік және өркендеу” ҚҚ СҚОФ жетекшісі:
– Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдардың көбінде сақтандыру жоқ. Еңбек келісімшарттары жасалмаған.
Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетчина бастаған бір топ шенеунік қатысты. Ол сақтандырылмаған тұрғындардың санын азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Ескерер жайт, жұмыссыз адам өз бетінше ай сайын қорға ақша аудара алады. Сонда ол автоматты түрде сақтандырылған тұлға атанады.
Байболат Култанов