МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлікті дамыту – күн тәртібіндегі мәселе

Елімізде ең көп көңіл бөлінетін саланың бірі кәсіпкерлік екені белгілі. Өз ісін бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек аз емес. Олар кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына өздерінің тың идеяларын ұсынса болды, тиісті қолдау алады. Айта кету керек, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бар. Сол арқылы да іскер жандарға үкіметтен мемлекеттік грант беріледі.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Басқармамыз кәсіпкерлерге 7 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Көмектер ақылы немесе тегін негізде беріледі. Іскер жандар бізге келмей-ақ, “Egov.kz” порталы арқылы да жұмысты тындыра алады. Ал жобаға келсем, құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай көмек көрсету. Соның ішінде субсидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту және шағын бизнесті дамыту.

Аталған басқармаға ай сайын біршама адам келіп, көмек сұрайды екен. Олардың көбі “Болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды беру” қызметіне жүгінеді.

ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл басынан бері аталған мемлекеттік қызметке 50-ден астам адам жүгінді. Себебі, қала сыртынан жер алатын адамдардың саны өте көп. Біздің қызметкерлер өтініш түскеннен кейін учаскеге барып тексереді. Содан кейін ғана жер беріледі. Мемлекеттік грантқа тоқталсам, басқармаға биыл 4 адам келіп, тың идеяларын ұсынды. Алдағы уақытта конкурс ойнататын боламыз. Комиссия құрылады. Білікті мамандар әр жобаны жіті қарайды. Қайсысы ұтымды, сол жеңімпаз атанады. Тиісінше, біз жеңімпаз атанған азаматқа керекті қаражатын береміз.

Айта кету керек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 800 мыңға жуық адам қатысты. Оның 600 мыңға жуығы жұмысқа орналасты.

 

Нұрасыл Ахмет