Спорт

Ризабек Айтмұхан – 3 дүркін әлем чемпионы

Теріскейдің тумасы Тиранада атой салды! Албания астанасында 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жаһандық додада Уәлиханов ауданынан түлеп ұшқан Ризабек Айтмұхан жер-жерден жиылған мықты қарсыластарын қоғадай жапырып, сенімді түрде жеңімпаз атанды. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, жерлесіміз 97 келіге дейінгі салмақтың финалында ирандық қарсыласын 11 де 6 есебімен ұтты. Осылайша, ел қоржынына жалғыз жүлдені салды. Айта кетейік, болашағынан зор үміт күттіретін бозкілем шебері – 3 түрлі жас санаты бойынша әлем біріншілігінде алтын алған тұңғыш қазақ баласы. Ел мерейін асырған чемпионды жарқын жеңісімен аймақ басшысы әлеуметтік желі арқылы құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің балуан Ризабек Айтмұқанды 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Ризабек үш дүркін әлем чемпионы атанды. Балуанның табандылығы мен күш-жігері ел намысын қорғауда үлгі боларлық. Ризабек Қазақстанның атын асқақтатып, жас ұрпаққа жол көрсетті. Болашақта жеңімпазға спорт әлемінде биік белестерді бағындыруға тілектеспін.

 

Байболат Құлтанов