АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Күдіктілер 2 сағаттың ішінде ұсталды. Сот-медициналық сараптама дайын болғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданатын болады.
Бұл жерде облыстық ПД-ның бастығы Айдын Қабдұлдинов аты-шулы жайтқа қатысты түсініктеме беріп отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Петропавлда тұтас отбасы адам қолынан жауыздықпен ажал құшты. Қылмыстық іске ақыры нүкте қойылды. Нақтырақ айтсақ, сот қаскөйлерге қатысты үкім шығарды. Енді Сергей Емельянов өмір бойына темір тордың ар жағында отырады. Ал Данил Орлов болса 21 жыл 8 айын тар қапаста өткізеді.
АЙДАРБЕК БЕҚҚОЖИНОВ, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
– Сот Емельянов пен Орловты Қылмыстық кодектің 191-бабының 1-тармағы, 99-баптың 2 бөлігі, яғни тонау және кісі өлтіру бойынша кінәлі деп тапты. Біз барлық дәлелдерге сүйеніп үкім шығардық. Сот қылмыскерлердің кішкентай балалары бар екенін де ескерді. Сергей Емельянов жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде, ал Данил Орлов қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Қылмыстық оқиғаның тағы бір парағын ашқан жөн. Бұл жайтқа Ирина Скоробогатова есімді петропавлдықтың қатысы бар. Ол аса ауыр қылмысты жасаған тұлғаларды біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламаған. Осы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
АЙДАРБЕК БЕҚҚОЖИНОВ, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
– “Ирина Скоробогатоваға неге аз жыл берілді?” деген сұрақ туындайды. Себебін айтайын, соттың қолында нәзікжандыға ауыр жаза тағайындау үшін тиісті дәлелдер болмады. Ал айыптаушы тарап оны 15 жылға соттауды сұраған еді. Ирина Скоробогатоваға қатысты үкім әлі толық күшіне енбеді. Егер алдағы уақытта бізге қосымша деректер түссе, істі міндетті түрде қайта қарайтын боламыз.
Зардап шегуші тарап үкіммен келіспейді. Марқұмдардың жақындары соттан бұдан да қатаң жаза сұрап отыр. Айта кету керек, өмірмен қоштасқан отбасы мүшелері бизнеспен айналысқан. Істі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жайттың саладағы бәсекелестік салдарынан орын алғаны анықталыпты.
Нұрасыл Ахмет