Спорт

Петропавлда “Саздағы ойындар” жарысы өтті

Бұл сайысты көргенде арманда, көрмегенде арманда. Петропавлда жол талғамайтын көлік жүргізушілері арасында “Саздағы ойындар” жарысы өтті. Дәстүрлі додаға жергілікті жігіттерден бөлек, астаналық және көкшетаулық қонақтар қатысты. Андрей Стельмах өңіріміздің намысын қорғайды. Қазір жарыс жолына шықпақшы.

АНДРЕЙ СТЕЛЬМАХ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл менің бірінші жарысым емес. Бұған дейін көптеген сайысқа қатыстым. Көлігімді Ресейге арнайы апарып, жарысқа дайындап әкелдім. Дода барысында салонға су кіріп кетуі мүмкін. Бұл қолайсыздық тудырады. Сондықтан, орындығын, ішін толықтай ауыстырдым. Өзіме ұнады. Жүлдегер атану үшін барымды саламын.

Жарыс бастала сала нағыз тартысты көрдік. Жылдамдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін. Көліктер саз-батпаққа, ой-шұңқырға қарамады. Алға ұмтылды. Алайда, араларындағы кейбірі батып қалып, бағалы секундтардан айрылды.

Бұл – жерлесіміз Никита Беленковтың 2-ші жарысы. Жігерлі жігіттің темір тұлпары – квадроцикл. Ол ерекше көлікті 4 жылдан бері тізгіндеп жүр.

НИКИТА БЕЛЕНКОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл сайысқа көп дайындалдым. Әкем де квадроциклмен жарыстарға қатысады. Соның жолын қудым десем болады. Бүгінгі бәсекеде жүлделі орын аламын деп ойлаймын. Өзіме осындағы атфосфера, эмоция қатты ұнайды. Делебем қозып, үнемі бақ сынағым келіп тұрады.

“Саздағы ойындар” жарысы осымен қатарынан 10-шы жыл өткізіліп отыр. Бұл жолы 30 шақты жүргізуші келген. Олар жол талғамайтын көліктер мен квадроциклдерді басқарады.

ВАСИЛИЙ ВРЖЕЕЦ, жарысты ұйымдастырушы:

– Ереже бойынша қарапайым көліктерге бір сағат беріледі. Осы уақыттың ішінде кім көп айналым жасайды, сол жеңіске жетеді. Ал, квадроцикл жүргізушілері 40 минут жүреді. Барлығына бірлей талап қойылады. Қатысушылар міндетті түрде арнайы бас киім киеді. Бірін-бір соқпауы қажет. Жарысты қатаң бақылап отырамыз.

Жарыс соңында жеңіске жеткен жандарға кубок пен медель табыс етілді.

 

Мәдина Қаби