Инклюзивті білім беру – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі, дамуында ауытқуы бар жеткіншектер көштен қалып қоймауы тиіс. Сол мақсатта бүгін облыс орталығында тұңғыш рет мектепке дейінгі білім беретін мекемелердің педагогтері арасында халықаралық форум ұйымдастырылды. Жиынға көрші мемлекеттерден және еліміздің барлық өңірлерінен келген ұстаздар қатысты.
ЗӘУКЕН ҒАЛЫМОВА, “Нұрсәт” бөбекжай-бақшасының меңгеруішісі:
– Біздің мекемеде 22 бала инклюзивті білім алады. Біздегі ұстаздардың бәрі – білікті мамандар. Педагог білімді болса ғана балаларды тиісті деңгейге жеткізеді. Әрбіреуіміздің өз әдісіміз бар. Сабақты барынша көңілді өткізуге тырысамыз. Сабақ көтеріңкі көңіл-күйде өтсе, балғындарға да жақсы. Болашақта бізден білім алған жеткіншектер жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы маман иесі атанады деген сенімдемін. Бүгінгі форумның теріскейлік мұғалімдер үшін пайдасы зор. Өйткені, білгеніміз бір тоғыз, ал білмейтініміз тоқсан тоғыз.
Өңірімізге келген педагогтер өз аймақтарында инклюзивті білім беру бағытында қолданып жатқан әдістерімен бөлісті. Нақтырақ айтсақ, арнайы білім беруді қажет ететін балғындарды оңалту мен өмірге бейімдеу жайы кеңінен талқыға түсті. Мұғалімдердің сөзінше, мұндай жеткіншектерді оқыту өте қиынға соғады. Ең басты қиыншылық – емін-еркін тілдесу.
МАРИНА АРТЕМЕНКО, “Солнышко” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:
– Бөбекжайымыз барлық керек-жарақтармен жабдықталған. Балаларды ойша есептеуге үйретеміз. Өте тиімді әдіс саналады. Себебі, балғындарға қағазбен жұмыс істеу қиын. Сонымен қатар, мұндай сабақтар ойлану қабілетінің әрі қарай дамуына септеседі. Біздер есептеуден бөлек, басқа да тапсырмаларды орындаймыз.
“Нұрсәт” бөбекжай-бақшасында 22 бала білім алатыны айтылды. Жеткіншектер меймандарға концерт дайындаған. Ұлттық киімдегі ұл-қыздар би билеп, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Маңызды шараға 40-қа жуық педагог қатысты. Халықаралық форумда айтылған әдіс-тәсілдер өңіріміздің түкпір-түкпіріне таратылмақ.
Нұрасыл Ахмет