Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көк ту көкке көтерілді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Біреу білсе, біреу білмес, 1990 жылдың дәл осы күні Қазақстанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Ат басындай алтыннан қымбат декларация – тәуелсіздігімізді айқындайтын алғашқы тарихи құжат. 25 қазанды қазақ халқы үшін аса маңызды күн деп айтсам артық емес. Бүгін елімізде үлкен мереке, жер-жерде думан басталып та кетті. Өңіріміздегі мерекелеік бағдарламаның басында Ту көтеру шарасы тұр.

Міне, көк байрақ көкке көтерілді. Көк аспанға ерекше сән беріп тұрғандай. Тудың салтанатты көтерілуі бұл мерекенің ерекшелігі. Біз – елдік пен еркіндіктің символы саналатын рәмізімізді әрқашан биік ұстаған елміз. Себебі, Қазақстан үшін азаттық және асыл байрақтан биік еш нәрсе жоқ. Содан соң келген жұртшылыққа мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те бой көрсетті. Мына ұл-қыздарға қарасаң көз сүйсінеді. Олар флешмоб билеп, еліміздегі татулық пен бірліктің үлгісін көрсетуде.

Гүлбақша Мұсабаева 1990 жылғы декларация қабылданған кезде Қарағандыдағы университет те оқып жүрген. Нәзікжанды өткен ғасырдың соңындағы орын алған айтулы оқиғаны бір сәт еске алды

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, облыстық ҚХА мүшесі, заң ғылымдарыныңкандидаты:

– Айтулы оқиғаны группаластарымызбен ұзақ уақыт талқыладық. Сол сәт әлі көз алдымнан кетпейді.

Қоғам белсендісі Республика күнінің маңыздылығына тоқталды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, облыстық ҚХА мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты:

– 1990 жылы қабылданған декларация – ел тарихындағы ең маңызды құжат. Дәл сол күні Кеңес одағының құрамында болсақ та өзіміздің жеке мемлекет болғымыз келетінін жеткізген болатынбыз.

Орталық алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Ән де айтылды, күй де шертілді. Тіпті, сонау Қазақ хандығы кезінде орын алған оқиғалардың желісіндегі қойылымдар да қойылды.

– Концерт те, көңіл күйім де тамаша. Ауа райы да көңіл қуантады. Өзім үйден шыға қоймаймын. Мерекелік шара болатынын естіп бір сергіп қайтайын деп шештім.

Орталық алаңда концерттен бөлек түрлі қызықты ойындар да ұйымдастырылды.

 

Нұрасыл Ахмет