НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Суық ауа райында шеткері аудандарда тұратын тұрғындар үшін орталыққа жету қиынға соғады. Осыны ескерген жергілікті билік өкілдері Жұмысшы кентінде де ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырған. Мұнда жемшөп өнімдері сатылуда. Бағалары сатып алушылар үшін өте тиімді.
Сағат таңғы 9, далада жауын жауып тұр. Соған қарамастан петропавлдықтар жаппай Жұмысшы кентіне жиналуда. Өйткені, осы сияқты жәрмеңке аталған ауданда жиі ұйымдастырыла бермейді. Шырайлым Омарова – елді мекенге М.Жұмабаев ауданынан сағат 7 болмай келіпті. Аудан еңбеккерлері шарасына 20 орама шөп әкелген. 1 жарым сағат ішінде тұрғындар мал азығының жартысын алып кеткен.
ШЫРАЙЛЫМ ОМАРОВА, Лебяжье ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:
– 1 орама шөптің бағасы – 5 мың теңге. Одан басқа да көптеген заттар әкелдік. Азық-түлік өнімдері орталықта болып жатқан жәрмеңке сөрелерінде тұр.
Шараға келген тұрғындардың көңілі тоқ. Себебі, әр тауардың бағасы да арзан және де сатушы барлығын тұрғындардың үйлеріне дейін өздері жеткізіп береді.
– Жәрмеңкені ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз. Өзім бүгін құстарыма 2 тонна сұлы алдым. Тоннасы – 25 мың теңге. Ал өткенде базарды аралаған кезде бағасы 37 мыңнан кем болмады. Қазір шөп те аламын. Осымен қысқа дайынмын деп айтсам болады.
Айта кету керек, жәрмеңкеде барлығы – 780 тонна жемшөп саудаланды.
Нұрасыл Ахмет