Қоғам

Петропавлда Республика күніне арналған салтанатты шара өтті

Қазақстанда оннан аса мемлекеттік мереке болса, соның ішіндегі Республика күні ерекше маңызға ие. Атаулы датаға орай сәні мен сәулеті жарасқан Петропавлдағы қазақ театры өзгеріп шыға келді. Кіреберісте көк туымыз бен еңсесін биік ұстаған ел қорғандары тұр. Жағалай жеткен жетістіктерімізді айғақтайтын картиналар қойылған. Ал мына жерде музыканттар жүрек түкпіріне әуезді әуен жолдауда.

Қазақтың тарихын парақтасақ, талай зұлматқа көз түседі. Қан да, жас та төгілді. Ақыры азаттық таңы атты, халық қуанды қатты. Қазір өзіміздің жеріміз, мемлекеттігімізді айғақтайтын рәміздеріміз бар. Республика күніне арналған салтанатты шара көпшілік отырған залға Туды кіргізуден басталды.

Шәмшідей сазгер әнін жазса, Жұмекендей ақын сөзін жазған Әнұранымыз тамырдағы қанды тулатады. Менің Қазақстаным – менің Отаным.

Қазақстандықтардың ортақ міндеті – елді дамыту. Бұл тұрғыда теріскейліктер аянып қалып жатқан жоқ. Жерлестеріміз қоғамның әр саласында еңбек етіп, алға жылжуға тамшыдай болсын үлес қосуда. Өңір жұрты биыл бірлігімен де ерекшеленді. Көктемгі су тасқыны кезінде табиғи апатқа бір үйдің баласындай қарсы тұрды, зардап шеккендерге көмектесті. Мінберге шыққан аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов осыларды жіпке тізіп, көпшілікті Республика күнімен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысының шешімімен Республика күні қайта оралды. Бұл – тарихи шешім. Үш онжылдықта Қазақстан биік белестерді бағындырды. Ұлттық мереке құтты болсын!

Салтанатты шара барысында Президенттен жолданған мемлекеттік наградалар өз иелерін тапты. Тізімде құрылысшы да, дәрігер де, мұғалім де бар. Барлығының есімі аталды, қошеметпен ортаға шықты. Республиканың дамуы жолында аянбаған адамдарды бұқара білуі тиіс.

Ағымдағы жыл диқандарға оңай болмағаны сөзсіз. Шамадан тыс ылғал көпшілікті күрсіндірді. Республика күніне арналған салтанатты шарада бірнеше шаруаның құрметке бөленуі кездейсоқ шешім емес. Мүсіреповтық Мұрат Нұғманов “Құрмет” орденінің иегері атанды.

МҰРАТ НҰҒМАНОВ, “Жарық-2005” ЖШС директоры, Ғабит Мүсірепов ауданы:

– Мен бұл серіктестікте 35 жыл еңбек етіп келемін. Соның 30 жылын басшылық қызметке арнаппын. Биылғы жыл есімізде қалады. Көктемгі су тасқыны, жаздағы жаңбыр жоспарға өзгеріс енгізді. Алайда, тәжірибемізге сүйеніп, көл-көсір өнім жидық. Астығымыз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Біз осылай Қазақстанның дамуына үлес қосып жатырмыз. Бүгінгі марапат үшін алғыс айтамын. Республика күні құтты болсын!

Мерекеге орай залға жиналған жұрт ерекше жайттың да куәсі болды. Аймақ басшысы өңіріміздің құрметті азаматы Болат Сағындықовқа “Парасат” орденін отырған орнына барып табыстады.

Тоқсан жасқа таяған Болат ақсақал ауыл шаруашылығы саласында талай жыл тер төкті. Бертін келе “Память” қоғамдық қорын құрды. Өзінің табандылығының арқасында солақай саясаттың құрбаны болған мыңдаған жанды анықтады, солардың туғандарына өткенді танытты, армандарын орындады. Салтанатты шара алдында төбесі көкке екі елі жетпей тұрған қартпен тілдескенде ризашылығын және айтқан ақылын тыңдадық.

БОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы:

– “Парасат” деген атаудың өзі адамға күш береді. Мен бақыттымын. Еңбегім еленіп жатыр. Жастарға айтарым бар, еңбек етіңдер! Мақсатқа жетіңдер!

Республика күніне арналған салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Сахнада жергілікті әншілер мен бишілер өнер көрсетті. Сонымен қатар, жерлестерімізді құттықтай келген эстрада жұлдызы Ибрагим Ескендір ән салды.

 

Байболат Құлтанов