Ауыл шаруашылығы

Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Мереке қарсаңында облыс орталығында жылда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұндағы сапалы, табиғи өнімдер қолжетімді бағада саудалануда. Сөрелерді араладық, сатушылармен, тұрғындармен тілдестік. Олар бағаның нарықтағыдан 15-20 пайызға арзан екенін айтады.

Күннің салқындығына қарамастан жәрмеңкеге жиналған қауымның қарасы қалың.

“ГК-ДОРСТРОЙ” серіктестігінің өкілдері Жамбыл ауданындағы Кладбинка ауылынан келіп отыр. Ауыл еңбеккерлері жәрмеңкеге ет көп әкелген.

НҰРЛАН НҰРТАЗИН, “ГК-ДОРСТРОЙ” ЖШС қызметкері, Жамбыл ауданы:

– Қара мал мен қой етін әкелдік. Орташа баға – 2 мың 100 теңге. Кейін ана жақта бидай өнімдері де бар. Оларды тоннасы 30 мыңнан болып жатыр.

Дәстүрлі жәрмеңке ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын өкілдерін ғана емес, келешекте кәсіпкер атанғысы келетін жастардың да басын тоғыстырды. Жанель Айтжанова – мектеп оқушысы. Жәрмеңкеге анасымен және жоба жетекшісімен келген. Бұрымды солтүстікқазақстандықтарға табиғи таза өнім – құрт ұсынып отыр.

ЖАНЕЛЬ АЙТЖАНОВА, жәрмеңкеге қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Құртқа жастар тарапынан сұраныс жоғары. Өзімнің сатып алушыларым бар. Мен құртты кәдімгі йогурт пен қою айраннан әзірлеймін. Табиғи таза, сапалы өнім әрі денсаулыққа да пайдасы зор. Құрттың осы түрін мектепте жоба жетекшісімен бірге әзірлеп үйрендім.

Жәрмеңкеге 100-ден астам тауарөндіруші қатысып жатыр. Тұрғындар – бұл тауарөндірушіден тікелей алуға мүмкіндік беретін маңызды шара дейді. Бәрі балғын, адал жасалған, бағасы да қалта қақпайды. Мәселен, ет келісі 2 мың теңге көлемінде болса, сүт 250-ден сатылып жатыр. Жәрмеңке барысымен танысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындармен тілдесіп, тауарлардың бағасы мен сапасын байқады.

Жәрмеңкеде 100-ден астам тауарөндіруші 1200 тоннадан астам өнімді саудаға шығарды. Оның 52 тоннадан астамы – ет өнімдері, 12 тоннадан көбі – сүт өнімдері, ұн мен жарма көлемі 45 тоннадан асады. Бал да бар – 4 жарым тонна. Сондай-ақ, 110 мың дана жұмыртқа, 194 тонна картоп пен көкөніс, 5 тонна балық жеткізілген.

 

Мәдина Қаби