«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Петропавлдағы “Dostyq mall” сауда және ойын-сауық орталығы өнердің ордасына айналды. Республика күніне арнап Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Құрманғазы, Дәулеткерей мен Нұрғисалардың туындыларын орындады. Ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын ұл-қыздар көз сүйсіндіреді. Орталыққа келген жұртшылық домбыра үнін естіп, бірден бағыттарын өзгертті, аялдауға шешім қабылдады.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Мектебімізде домбыра сабақ пәні ретінде енгізілген. Бізде оқитын әр оқушы домбыра тарта білуі керек.
Шарада 100-ге жуық жас талант өнер көрсетті. Олар бойдағы рухты оятатын флешмобқа ұзақ уақыт дайындалған. Бүгін 20-ға жуық күй шертті.
ЕЛДАНА БІРЖАН, химия-биология бағытындағы НЗМ 7-сынып оқушысы:
– Ұлттық аспабымызды дәріптейтін шарада өнер көрсететініме өте қуаныштымын. Домбыра тартып жүргені бірнеше жыл болды. Көптеген күйлерді орындай аламын.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары келе жатқан айтулы даталарда да осы сияқты іс-шараларды ұйымдастырмақ.
Нұрасыл Ахмет