25 қазан – Республика күні. Айтулы датаға орай өңірімізде түрлі шаралар өтуде. Соның бірін күні кеше “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клубының мүшелері ұйымдастырды. Олар болашақ ел қорғандарына саптық жүрісте және туды ұстау барысында қандай ережелерді сақтау керектігін көрсетті. Осы сияқты іс-шаралардың жиі өтуі мектеп оқушылары үшін аса маңызды. Себебі, мына жеткіншектердің көбі кәмелеттік жасқа толғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтейді. Шеберлік сағатына 50-ге жуық жас қатысты. Оқушылар аталған шараның пайдалы болғанын жеткізді.
ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО білім басқармасы дене шынықтыру, спорт және АӘД облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Шеберлік сағатына келген оқушылар көп дүние үйренді деп ойлаймын. Аталған іс-шара арқылы жастарды өз елінің патриоты болуға шақырамыз. Алдағы уақытта да мұнымен тоқтап қалмаймыз. Республика күні өткеннен кейін, Тәуелсіздік күніне арнап түрлі іс-шара өткіземіз. Қазіргі таңда жеткіншектердің көбі әскери салаға қызыға бермейді. Бұл – қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе. Бірақ, осы сияқты іс-шараларды жиі өткізсек, осы мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын.
Нұрасыл Ахмет