Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Qyzylzar” креатив орталығы ашылды

Шашу шашылып, шаттық орнаған күн! Республика күні қарсаңында Петропавлда “Qyzylzar” атты креатив орталығы ашылды. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры орналасқан бұрынғы ғимарат адам танымастай өзгерген. Сырты өзге түске боялып, алыстан көз тартса, іші заманауи стильде жасалыпты. Ауқымды өзгеріс, жаңаша көзқарас. Кез келген жанды таңдай қақтырады.

Тарихи нысанның әр бөлмесі пайдаға жаратылады. Оларда ойы ұшқыр жастар өз туындыларын өмірге әкеледі. Мысалы, мына жерде белгілі дизайнер Айжан Колчина талайды тамсандырарлық жұмыстарымен көпшілікті қуантпақ. Сонымен қатар, білгенін өнерге құмар жерлестерімізге үйретеді.

АЙЖАН КОЛЧИНА, дизайнер:

– Менің бұл жерде 2 жұмыс бөлмем болады. Оларда жоспардан дайын өнімге дейінгі іс тындырылмақ. Командам жаңашылдыққа құмар жандардан құралған. Жасалған тамаша жағдайды пайдаланып, ерекше туындылар әзірлейміз. Шеберлік сабақтарын өткізуге қарсы емеспіз. Ниет танытушы жандарға есігіміз әрқашан ашық.

Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған топ нысанды бастан-аяқ аралап шықты. Қазір әлемде креативті индустрия қарқынды дамуда. Көштен Қазақстан да қалмау үшін мемлекет басшысы еліміздің ірі қалаларында мамандандырылған орталықтар ашуды тапсырғаны мәлім. Міне, Петропавлда таспасы қиылып отыр. Бұл – Президент пәрменінен кейін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорымен бірлесе жүзеге асқан елдегі алғашқы жоба.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Креатив орталығын ашу үшін біраз ойландық. Осы бағытта жүрген адамдармен ақылдастық. Сөйтіп, мына тарихи нысанның тамырына қайтадан қан жүгірту жайлы шешімге келдік. Біздің міндет – белгілі бір нәтижеге жету. Бұл ретте тәжірибе маңызды. Сол себепті, арнайы топ Ресейде болып, ол жақтағы жұмыспен танысып қайтты. Жаңа орталық жаңа жобалардың бастауы болады деп сенемін.

Қазір креативті индустрияға көз жұма қарауға болмайды. Заманауи орталық – өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын жастардың ордасы. Қайнаған қазан десек те болады. Талапты қыз-жігіттер өз жобаларымен өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Qyzylzar” креатив орталығы креативті индустрияны дамыту жөніндегі бөлімінің басшысы:

– Заманауи хореография, дизайн, бағдарламалау, тігіншілік. Осы және өзгелер бір жерде болады. Яғни, орталықтан түрлі жобалар шығады. Айта кетерлік жайт, мұнда үйірмелер жұмыс істемейді. Біз қаланың, өңірдің дамуына әсер ететін идеяларды жүзеге асырғысы келетін жастарды қабылдап, көмек көрсетеміз. Барлығы тегін болады.

“Qyzylzar” креатив орталығының ашылуына аудан әкімдері де қатысты. Болашақта мұндай орталықтар облыстың әр ауданында болады.

 

Байболат Құлтанов