– Он когда пьёт, он всегда распускает руки. Это не первый, не единичный случай. До этого тоже всё это было, я шла на примирение.
Мына әйел адам полицейлерге шілде айында жүгінген. 37 жастағы күйеуі ішіп алса болды таяқтың астына алатын көрінеді. Ер адам осы теріс әрекеті үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандар тиісті материал жинап, соның негізінде қылмыстық іс қозғады. Сот бұзақыға қатысты 25 тәулікке қамауға алу және мінез-құлыққа ерекше талаптар қою түріндегі жаза тағайындады.
НҰРМОЛДА МҰҚАНОВ, қалалық ПБ екінші бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:
– Бұл азамат 73-ші бап бойынша-қорғау нұсқамасын бұзу, 461-бап бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда, өзі үшін ешқандай қорытынды шығармады, ол тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталады, өйткені жұбайынан бірнеше рет шағым келіп түскен.
Полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың 16-шы маусымынан бастап әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енгенін еске салады. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар қылмыстық кодекске көшірілді. Енді ұрып-соққан адам денсаулыққа жеңіл зиян келтірмесе де 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеп, сол мөлшерде түзеу және 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылып немесе 50 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін.
Данаш Хамза