Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

Облысымыз бойынша 9 ай көлемінде экономикалық өсім 10,020 пайызды құрады. Демек, экономиканың негізгі салаларында оң нәтиже байқалғанмен кейбір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Өңірімізде мал шаруашылығы 0,6 пайызға өскен. Соның нәтижесінде сүт тауарлары 5,6 пайызға өсім көрсеткен. Бұл туралы СҚО экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баянады.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Облысымызда ет өндірісінің құлдырауы 9 ауданда байқалуда. Негізгі себептер болып, қолда бар мал саны бойынша статистикалық деректерді өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізу болып табылады. Ет өндіру Қызылжар ауданында – 16,5 пайызға, Мамлют ауданында – 10,1, Айыртау ауданында – 6,8, Уәлиханов ауданында – 6,7 пайызға, Тимирязев ауданында – 6,4 пайызға, Тайынша ауданында – 4,2 пайызға, Жамбыл ауданында – 3,8, М.Жұмабаев ауданында – 2,6, Ғ.Мүсірепов ауданында 2,5 пайызға төсендеген.

Сондай-ақ, облыс бюджетінің 9 ай қорытындысы бойынша кіріс және шығыс бөлігі де баяндалды. Осылайша облысымыздың бюжетіне 89 млрд 475,2 млн теңге жеке табыс толықтырылды. Оның ішінде қалалық және аудандық бюджетке 37 млрд 408,8 млн тенге бөлінді. Бірақ, бөлінген қаражатты игере алмау фактілері де көбейген. Осылайша 6 млрд 888 млн теңге игерілмеген.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Сондай-ақ, 6 млрд 399 млн теңге республикалық және ұлттық қордан игерілмеген. Соның ішінде жоғары тұрған бюджеттен толықтырылмаған – 3 млрд 305 млн теңге. 3 млрд 97,3 млн теңге белгілі себептерге байланысты игерілмеген. 489,9 млн теңге жергілікті қаражаттан бөлінбеген. Бұл жайттардың басты себебі – жобаларды дұрыс басқара алмау және мердігер ұйымдармен дұрыс жұмыс жасай алмау болып табылады.

Көп жағдайда бюджетті дұрыс игере алмау мердігер ұйымдардың салғырттығынан орын алады. Осылайша Петропавл қаласына бөлінген республикалық бюджет қаражатын «Шебер билдинг» мердігер ұйымы жауапсыз компания болып табылып, шарт бұзылған. Бұл – тек шаһар басшысы келтірген бір ұйым. Осы сынды мердігерлерге заң түрінде шаралар қолдануда.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Келесі жауапсыз компания – «Актив-А» мердігер ұйымы. Олар 102,94 млн теңгені екі жол учаскесі бойынша игере алмаған. Сондай-ақ, «Риголит» компаниясы белгіленген уақыттан кешігумен келе жатыр. Қазір оларға бюджетті игере алмағандықтан айыппұл салынған. ТМ-5 жылу желілері 215 млн теңгені игере алмағанбыз, қазіргі таңда қаражат төленген, жұмыстар аяқталды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов игерілмеген қаражат бойынша жұмыстардың барлығын аяқтауға жыл соңына дейін уақыт берді. Барлық аудан және қала әкімдері өз қарамағындағы аудандар бойынша жұмыстарды күшейтіп қараша айының 15-іне дейін межелі есеп беруді тапсырды. Егер де игере алмаған болса, жаза қолданатынын ескертті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл соңына дейін бөлінген қаражатты 100 пайыз игеруді тапсырамын. Құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан объектілердің жұмысын қадағалауды тапсырамын. Мердігер ұйымдармен тиімді байланыс орнатып, белгіленген уақыттан қалмау. Мамлют ауданының әкіміне 15 қарашаға дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеріп, су желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтау. Белгіленген уақыт 15 қараша, егер де жұмыс жасалмаса 16 қараша күні әкімді жазалаңыздар. Уақыт тығыз, сондықтан да ештеңеге қарамаңыздар. Қызылжар ауданының әкіміне 15 қарашаға дейін әлеуметтің осал топтарына бөлінген пәтерлерді табыстауды тапсырамын. Сондай-ақ, 15 қарашаға дейін Бескөл ауылындағы жабық хоккей кортын салу жұмыстарын аяқтауды тапсырамын.

Облыс әкімі барша аудан және қала басшысына, сонымен қатар, барлық басқарма басшыларына жыл соңынан дейін барлық бөлінген бюджетті уақытылы игеруді тапсырды.

 

Данаш Хамза