Пештегі саңылаулар, ескі әрі ашық жатқан электр сымдары. 76 жастағы петропавлдық зейнеткер тіркелген үйден осынша бұзушылық анықталды. Бұл баспанада тағы оның жиені мен 4 баласы тұрады. Өрт сөндірушілер зейнеткерге ақыл-кеңес беріп, түтінге дабыл қағатын датчик орнатты.
ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы:
– Бүгін өрт сөндірушілермен қауіпсіздік шарасын, жылу беру маусымына дайындық талаптарының сақталуын тексеру мақсатында көпбалалы отбасылардың үйлерін аралаудамыз. Аталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Біз құтқарушылар үшін тізім дайындаймыз. Сол бойынша танысу жұмысы жүргізіледі. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда шара қолданамыз.
4 баласы бар Кислощеевтер отбасы Жұмысшы кентінде 13 жыл тұрады. Отағасы қыс мезгілінің алдында пешті тексереді.
– Ну, чистим дымоход, как обычно. Перебираем, если где-то кирпичи развалились.
Дайындықты ерте жүргізген жөн. Жылыту маусымы басталғалы облыста 30 өрт оқиғасы болыпты. Өрттен 8 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты. Мұндайға жол бермеу – құтқарушылардың басты мақсаты.
НҰРЛАН БАЯХМЕТОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
– Құқық бұзушылықтар бірнеше рет анықталған жерлерді жазып аламыз. Оларды жою үшін жергілікті атқарушы органдарға хат жолданады. Бүгін көпбалалы отбасылар тұратын үйлерге бардық. Өкінішке қарай, әр баспанада 3-4-тен астам кемшілік анықталды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының түтін мұржасын тазарттық. 155-тен астам үй қамтылды.
Жыл басынан бері өрт сөндірушілер 800-ден астам түтін датчигін де орнатқан.
Нұрасыл Ахмет